Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Баламыз болса, сірә, ажыраспас едік...
11 қаңтар, 2016 жыл 349 Басып шығару нұсқасы

«Босағасын алтыннан соқсаң дағы, бала сүймей адамның мейірі қанбаған». Үй ішінен нәрестенің күлкісі шықпауы, бесіктің тербелмеуі мен ойыншықтың сылдыры естілмеуі отбасы үшін үлкен қасірет. Адам тағдырына Жаратқаннан басқаның әмірі жүрмесі анық. Бойға шарана бітпеуі туа біткен дерт немесе кейіннен келген кеселден болуы ықтимал. Белгілі бір себепке жүгіну біз үшін үйреншікті мәселе. Көбінесе себебін іздеп, сол себептің салдарынан құтылуға тырысамыз. Бірақ біз әр істің ар жағындағы астарын барлап көруге тырыспаймыз. Болған нәрсенің барлығы бір Алланың қалауы, бір Алланың әмірі. Дені сау қаншама адамдарға да бала бітпеген. Бойға шарана біткен күннің өзінде де түсік тастауы, тоғыз ай көтерген нәрестенің шетінеп кетуі, өсіріп, бағып-қаққанда ата-анасының көз алдында дүиеден озуы да мүмкін ғой. Себебі, бұл өмір сынақтан тұрады. Алла басымызға салған барлық сынақтың соңында қайыры боларын естен шығармағанымыз жөн. Мысалы, бір қалааралық автобусқа міне алмай қалдым деп күйініп, үлгермегені үшін жұрттың бәрін сөгіп, кінәлаған адам сол автобустың жол апатына ұшырағанын естігенде сабасына түсіп, ашуы қайтары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда көпшілік әр нәрсенің жақсылығы боларына көз жүгірте бермейді. Оқуға түсеміз, жұмысқа тұрамыз, үйленеміз, үй боламыз, бала сүйеміз, бастық боламыз, қартаямыз. Мұндай мерекелі де, берекелі ғұмыр кешсек қуанып, керісінше өрбісі өкпелейтініміз несі? Өміріміздің керемет болуы үшін тағдырға өткізіп қойғанымыз бардай, ойлағанымыз болмаса күйініп өкінуіміз дұрыс па? Әр атқан таңда сол күнімізді мағыналы өткізуге, адамзат атаулыға пайда келтіруге деген жаңа бір қадам жасауға күш-жігеріміз дайын тұрсын. Әр күнімізді құр күйбең тірлік қамымен өлтірмей, адамгершілікке, сүйіспеншілік пен мейірімділікке толтыра білейік. Кітап оқыңыз, өнермен айналысыңыз, тіл үйреніңіз, ағаш суарыңыз, көшеде жүрген күшікке бір үзім нан тастаңыз, айналаңыздағы адамдарға сәлем беріңіз, біреудің халін сұраңыз.Балаңыз болмаса да өміріңіздің мағыналы екенін біліңіз. Өмірдің бақыты тек перзент көруде ғана емес. Сондықтан тағдырына бесік тербету бақыты жазылмаған жандар сабыр сақтап, өмірдің басқа да мәнді жақтары барын ойлап, соған қарай ұмтылуы тиіс. Ғұмырыңыздың мағынасын арттыру өз қолыңызда.


Әділбаева Шәмшат


Phd докторы, дінтанушы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары