«Әъузу бикәлимәтил-ләһит тәммәти мин ғадабиһи уә ъиқабиһи уә шәрри ъибәдиһи, уә мин һәмәзә тиш шәйәтыйни уә ән яхдурун».(Алланың толық сөздерімен Оның ашуынан, азабынан, пенделерінің жамандығынан, әрі шайтандардың түрткілеуінен және олардың жаныма келуінен Оған сыйынамын. ) Ұйқысынан шошып оянған Айман іштей дұғасын оқып жатты. Жүрегі бір тынышталмады. Сағат тілі түнгі үшті көрсетіп тұр екен. Мазасыздық бойын жаулап алған соң, жылы төсегінен тұрып дәрет алып келді, Алладан кешірім сұрап, екі ракағат намазын тағы да оқыды....
Таңға дейін көзін іле алмаған Айман түнімен Құранды оқумен болды. Елудің шамасына келіп қалған Айманның соңғы кездері сырқаты сыр білдіріп жүрген соң ба, ақыретті, көр азабын көп ойлайтын болып жүр. Бүгін ерте тұрып өзі барып жүрген ауруханасына жол тартты. Кезекті күтіп, әрең кіргенде, бұндай жаман жаңалық естимін деп ойламап еді...
– Кешіріңіз, бірақ жағдайыңыз тым нашарлап кетіпті, біздің қолдан келетін шара болмай тұр. Қолымыздан келгенше көмек бердік, бірақ ауруыңыз дес бермей жатыр екен. Сізді басқа ауруханаға жатқызуға тура келіп тұр. Сол жерде жатып біраз емделіп көріңіз... Енді көмекті бір Алладан ғана күтейік. Кешіріңіз, бірақ ісігіңіз басқа ағзаларыңызға да тарап кетіпті....
Өмірінің аз қалғанын сезіп‑ақ жүр. Әйтсе де, шіркін мына қызыққа толы өмірді қимайды‑ау. Жоқ, қимайды емес, жас кезінде шалыс басып, жетімдер үйіне тастап кеткен қызын бір көрмей өтетініне өкінеді.
«Ең құрығанда алыстан болсын бір көрсем ғой. Қандай болып өсті екен, тұрмыс құрды ма екен, қайда жүр екен. Иә, Аллам мені кешіре көр, Раббым өлер шағымда сол қызымды бір көрсетші!»‑деп іштей күбірлеп келеді.
– Апа, не дедіңіз?‑ деген баласының дауысы ойын бөліп жіберді. Апа, ауруханаға жату керек, үйге барып киімдеріңізді алып келейік.
– Жарайды балам, барып қайтайық ‑ деді де, іштей «сол үйімді мүмкін соңғы рет көріп қалармын, қалған өмірім енді аурухананың қабырғасында өтер» деп ойлады Айман.
... Ауруханада жатқанына үш күн болды. Ауруы үдеп бара жатқан секілді. Ота жасатқан жері де ауырып жүр. «Аллаһым, мені кешіріп, соңғы тілегім қызымды бір көруді нәсіп етші» деп әр намазының соңында дұға жасап жүрді. Бірақ енді ауруы себепті тұруға шамасы келмей намазын отырып оқып жүр. Түннің бір уағында тұрып әрдайым Алланы еске алып: «Әстәғфируллаһәл‑ъазыймәл‑ләзи лә иләһә иллә һууал‑хай‑юлқай‑йуму уә әтубу иләйһ» (Одан басқа ешбір тәңір болмаған тірі, әрі мәңгі жасаушы ұлы Алладан кешірім тілеп, әрі Оған тәубе етемін) деп дұғасын жасап отырады. Түнімен ұйқысы қашып, таңға жуық көзі ілініп кетсе керек. Қасындағы әйелдердің күбір‑күбір еткен дауыстарынан оянып кетті. «Шет елден дәрігер әйел келеді екен, бәріне ота жасаймын депті, бізге де жасап, ауруымыздан айықтырса екен» деп, күбірлескен әйелдер бір бірлерімен жарыса сөз таластырып отыр. «Маған жасамаса да, басқаларына жасап, өмірден күдерлерін үздірмесе екен» деп ішінен ойлады да, медбикенің кезекті дәрі егуіне қолын созды. «Апа, сіз тым жүдеп кетіпсіз, тіпті тамырыңызды да табу қиынға соғып тұр. Келер аптада, шетелден келетін дәрігерге сіздің жағдайыңызды айтып, көрсетеміз. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады, әлі‑ақ зыр жүгіретін боласыз» деген медбикенің бұл сөзіне сенбеді де. Әйтсе, де кішкене болсын өмірін ұзартып берсе, соған да шүкір дейін деп отыр. Бірақ, Айман өлімнен қорықпады. Тек бұл өмірден кетпес бұрын, туылғаннан тастап кеткен, қызы Айжанды бір көрсем деп армандады. Сол үшін Раббысына дұға етті.
... Кезінде ойнақтап жүріп, от басқан Айман қыз баланы дүниеге әкеле салысымен, әке‑шешесінің ашуынан қорқып, балалар үйіне өткізе салған. Бірақ өткізбес бұрын, атын Айжан Мырзабекқызы деп атап кеткен болатын. Әттең ол кезде өзі де шалыс басқан, сол қызының әкесімен қайта отау құратынын білгенде ғой. Жылдар өте, Айман өзі күнәлі іске итермелеген сол азаматпен тұрмыс құрып, отағасымен бірге төрт ұлды болды. Бірақ, отағасының қызды болғым келеді дегенін естіген соң, жүрегі қақсап жылаған болатын. Ол кезде, Айманның жасы егде тартып босануға шамасы да келмейтін еді. Сөйтіп жүріп, Айман қызын өзі өткізген балалар үйіне іздеп барады. Бірақ, қызын бір көрем деген үміті сол жерде‑ақ солады. Қызын шетелге асырап алушылар алып кетті деген кезде, өзінің үлкен күнә жасап, ендігі жерде қызын көре алмайтынына көзі жеткен еді.
Қайғыдан көп құса болған, Айманның жағдайы күрт төмендеп бара жатқанын дәрігерлер де біліп, отбасына дайындала берулерін ескертеді. Төрт ұлы келіндері мен немерелерін ертіп аналарының жағдайын сұрап кетіп жатты. Ендігі келгендерінде дәрігер аналарын алып кетулерін ескертті. «Шет елден дәрігер келіпті, ертең барлық ауруларды қарап шығады екен» деген әңгіме аурухана ішіне лезде таралып жатты...
Бұл түні, Айманның жүрегі айнып, қан құса бастады. Тұруға да шамасы келмей қалды. Түнімен ажалмен арпалысып, таң намазына дейін қалай шыдап отырғанын өзі де сезбей қалды. Қайтсе де, осы таң намазын қаза еткісі келмеді, бұл жолы ол намазды жатып оқыды, тілі күрмеліп жатса да «Аллаһуммәғ‑фир ли уәр‑хамни уә әл‑хиқни биррафиқил аълә»,(Уа,Алла! Мені жарылқаған әрі мені Өз мархаметіңе бөлей гөр және мені ең жоғарғы достарыңа қос.) деп көп дұға жасады. Бұл намазы өміріндегі ең соңғы намазы екенін де сезсе де, жанын өкініш билеп, өмірді қимай жатты. Айман енді көзін ашуға да шамасы келмей, тәтті бір ұйқыға кетіп бара жатқандай күй кешті. Қасындағы адамдардың дауысын бірі естілсе, бірі естлімейді. Көзінің алдына өзінің жас кезі бұлдыр‑бұлдыр етіп, елестеп жатты. Бетіне қарап, тұра төніп тұрғандай, күбірлеген даусы еміс‑еміс естілгендей болды. Көзін зорға ашты, дәл өзі, өзінің жастық шағы, сұлу болған бейнесі. «Айжан Мырзабекқызы, науқастың жағдайы төмендеп бара жатыр, дәрігер не істейміз» деген сөзді анық естіді. Тұла бойы дірілдеп сала берді, дәрігердің жүрек тұсында ағылшын әріптермен жазылған жазуды көрді. Бетіне қарады, дәл өзі, қызы, өзі тастап кеткен қызы, иә. Иә сол тура өзі, мұрнындағы қалы да дәл өзінікіндей, бұл дәрігер өзінің туған қызы екеніне көзі жетті.
«Әлхамду лилләһил‑ләзи биниъмәтиһи тәтимус‑салихәт» (Оның нығметімен жақсы істер толықталатын Аллаға шүкір) деп қуаныштан бұл дұғаны қалай айтқанын да сезбей қалды. Енді өкінішсіз бұл жалған дүниені тастап кете берсе де болады. «Қызым, қызым» деп айтқысы келді, бірақ.... тәтті ұйқыға шомып бара жатты...
«Дәрігер, науқас көз жұмып бара жатыр» дегенде ғана жаңадан бері жүрегіне жылы тартқан осы науқас апаны аман алып қалғысы келген, Айжан Мырзабекқызы қолынан еш шара келмейтінін сезді де, көп науқастардың алғысын алған осы қолының ендігі жерде өліммен күресуге шамасы келмейтінін көріп, көзінен ытқып бір тамшы жас Айманның бетіне тырс етіп түсе кетті. «Кешіріңіз, қош болыңыз, менен енді шара жоқ» деді де, сыртқа жүгіре жөнелді. Қызының шығып бара жатқанын сезген, Айманның тілі тек қана «Лә иләһә илләл‑лаһ» дегенге ғана келіп, бір тамшы жасы көзінен үзіле, мәңгілікке сапарға жол тартып кетті... Айманның дұғасы қабыл болған еді.
Мұхит Джаримбетов
Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы
Пікірлер