Берекелі отбасы – Алладан келген өлшеусіз нығмет. Сан ғасырлар бойы адамзат атаулысы отбасы құндылығына жіті мән беріп, береке-бірлігін одан әрі нығайтуды дәріптеп келді. Бүгінде бұл ойдың мәні кетіп, берекесі кірмей тұр. Бұлай дейтінімізге себеп бар. Өкінішке қарай болмашы жағдайды, үлкен себепке айналдырған ажырасушылар қатары көбейді. Алыстағыны емес, айналамыздағы ажырасқандарды көріп амалсыз осылай дейсің. Сол үшін де статистиканы «сөйлетпей» отырмыз.
Өзекті мәселе, дертті тақырып. Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен адамдар айналасындағы адамдардың өмірінде орын алып жатқан келеңсіздіктерді «өз шаруасы» деп елемейтін болды. Пәленшенің отбасы екіге бөлініп жатыр дегенге үндемей қоя салатын жағдайға жеттік. Отбасыдағы ерлі-зайыптыны татуластыруға, арықарай әдемі отбасы болып кетуіне адамдар тарапынан қадам жасалмай тұр. Қоғамның кез келген мүшесі бұл жағдаятқа бей жай қарамай қадам жасауы тиіс қой. Бірақ салқынқанды адамдар өзге емес өз жақынының өмірін қайтсін!?
Дерт дендеді, енді қайтпек керек!? Қандай қадамдар бізді құтқарады? Мәселен, әр шаңырақта ұл-қыздарымызға отбасыға деген құрметті, сүйіспеншілікті жастайынан бойына сіңіру керек. Ал, әкелер жағы ер жігітке отбасының жауапкершлігі оның мойнында екенін әрдайым қаперіне салу өте маңызды. Мектеп жасындағы балаларға ұстаздарымыз отбасы деген ұғымның құрметі биікте екенін үйреткен іліміне қосып насихаттаса жаман болмасы анық. Отбасының ойран болмауын осындай кішігірім қадамдардан бастаса керекті.
Жастардың арықарайғы өмірі өздері ойлағандай әдемі болмай жатады.
Бұл мәселеде еліміздегі имамдар өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Мешіт мекеніне келуші жастарға, жалпы жамағатқа ҚМДБ-ның нұсқауымен «Ислам және отбасы құндылықтары» уағызы жіті жүргізіліп тұрады. Мәселен жаз мезгілінде некесін қидыруға келуші жұптардың саны арта түседі. Барлығына бірдей отбасы құрудың жауапкершілігі мол екенін, мәні тереңде жатқанын, бағалай білуді барынша түсіндіріп насихаттаймыз. Екі жасқа мешіт атынан мұсылман куәлігі табыс етіледі. Бұл естелік ретінде. Заңды неке куәлігін ауданның АХАЖ бөлімінен алады. Мешіт тарапынан берілген куәлікте некеге тұрушылардың аты-жөндері, куәгер болған жақындарының есімдері және Құран аяттары, Пайғамбар(с.ғ.с) хадистері жазылған. Осылайша Алла үйінен әсерлі уағыз тыңдап, мешіт айналасында естелік суретке түсіп айырықша әсермен шығып жатады. Бұл да бір үлкен мерейлі шара.
Иә, арықарай думанды той, қызықты күндер басаталады. Бірақ алысқа бармайды. Үйленіп үй болған екеу бөлек тұруға шешім қабылдап жатады. Ортадан ши шыққаны белігілі бірақ арыға созып отбасыны сақтап қалуға әрекет жасалмайды. Өйткені біз өсірген қыз бен ұлда отбасыны сақтап қалу, көзінің қарашығындай күту жайында түсінік, ақапарат, тәрбие аз. Ол тақырыпты түсінбеген жастарға ажырасып, нүкте қоя салу оңай шешім. Себебін сұрағандарға көңіліміз жараспады деп құтыла салады. Оның арты ажырасудың саны артып, жетім балалардың көбейтіп жатқандығы көңілге қаяу салады.
Құрметті оқырман, қадірі зор ағайын! Мұнымен айтқымыз келгені біріміздің ұлымыз, біріміздің қызымыз ажыраспаса екен, отбасын сақтап әдемі өмір сүрсе екен деген ниет еді. Адамды Хақ Тағала жаратты. Алланың бұйрығына амал етейік. Балаларымызға жастайынан имандылық әліппесін үйретіп, үлкен өмірге дайындайық дегенді жеткізгім келеді.
Шахтинск қалалық
"Нұр" мешітінің имамы
Әсет Наурызбайұлы Ибраев
ihsan.kz
Пікірлер