Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Жер бетінде Алланың әртүрлі жаратылыстары бар. Ең көркем бейнеде жаратылған адамзатты да әртүрлі көріністе жаратқан. Ақ, қара, сары, әртүрлі адамдар бір жер бетінде өмір сүріп келеміз. Теріміздің түсі, тіліміз, тұрып жатқан еліміз басқа болса да, бізді біріктіріп тұратын «Алланың жаратылысы» деген ат. Біз әуелде бір ата-анадан туылып, тарағанбыз. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың», – делінген («Хужурат» сүресі, 13-аят). Адамдарды нәсіліне, ұлтына қарап бөліп-жару адамзаттың жіберетін ең үлкен қателіктерінің бірі. Әр елден, өзге ұлттан, өзге нәсілден болсақ та біздің келген жағымыз және қайтатын жағымыз бір. Ол – Алланың алды. Алладан келдік және Аллаға қайтушымыз. Бұл өмірге келгендегі бар мақсатымыз – Аллаға құлшылық қылу ғана. Алла біздің денеміздің арық не толық болғанына, теріміздің қара не ақ болғанына, бойымыздың ұзын не аласа болғанына, байлығымыздың аз не көп болғанына, немесе ұлтымызға қарап біздің жұмақтық немесе тозақтық екенімізді шешпейді. Біздің жүрегіміздегі Өзіне деген махаббатымызға, жасаған ізгі амалдарымызға қарап біздің мәңгілік өмірде Алланың мейіріміне бөленетініміз не қаһарына ұшырайтынымыз белгілі болады. Дәл осы тұрғысында айтылған хадис те бар. Хадисте: «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» - делінген.
Расымен де, асыл дініміз – барша адамзаттың баршасы теңдей бір аспан астында, бейбітшілікте өмір сүруін насихаттайды. «Ұлтшылдық», «нәсілшілдік» сынды жаман қасиеттер адамға жақсылық әкелмек емес. Адамдарды алалау қай кездеде ақталмайды. Алланың алдында бәріміз бірдейміз. Иманымыз, тақуалығымыз, Аллаға деген құлшылығымыз арқылы ғана ақыретте дәрежеміз анықталады. Сондықтан да, арамызда руға бөлініп, не нәсілге, топқа бөлінудің болмауын қадағалап, бірлікті сақтауымыз қажет. Дана халқымызда: «Бөлінгенді бөрі жейді» деген аса терең мағыналы қанатты сөз бар. Түбіміз бір, бір атаның балалары ешкімді алаламай, татулықта, бір-бірімізді жақсылықта жақтап өмір сүру – біздегі ең басты игіліктердің бірі. Осындай игілікті сақтау өзімізге байланысты. Алла Тағала баршамыздың жүрегіміздегі иманымызды берік етіп, Еліміздің тәуелсіздігі мәңгі, бірлігіміз баянды болғай!
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат
Ihsan.kz
Пікірлер