Ислам бізге құлшылықты ғана үйретіп қоймай, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі әрекетімізді, ішіп-жеуге қатысты әдебімізді де кемеліне жеткізе үйретті. «Ас – адамның арқауы» демекші, өмір сүру үшін адам ішіп-жеуге тәуелді. Онсыз мүмкін емес. Алайда солай екен деп мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей салуға болмайды.
Раббымыз Алла бізге астың адалынан әрі тазасынан жеуді әмір еткен. Асыл дініміз Исламда күн сайын ішетін асымыздың да өзіне тән әдебі барын асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйретіп кетті. Көреген де дана халқымыз болса, осы әдептерді дәстүрге айналдырып, бүгінге дейін жеткізді.
Адам денсаулығы үшін дұрыс тамақтанудың маңызы жоғары. Тамақтану аpқылы адам ағзаға қажетті дәрумендер алады. Адам ағзасына құнарлы астың тигізер шипасы да мол. Жүйелі тамақтанбау адам денсаулығына үлкен зиян тигізетінін медицина мамандаpы жиі айтып келеді.
Ас – адамның арқауы, өмірінің жалғастырушысы, кейде өмірін тоқтатушы ажал көзі. Дұрыс тамақтанудың хикметі, денсаулыққа әсері бізге бұрыннан белгілі.
Қомағайлық пен ашкөздіктен сақтану – біздің парызымыз. Сондықтан әрқайсымыз дұрыс тамақтану әдебін сақтағанынымыз абзал. Тамақты тоя жеу денсаулыққа зиян. Ондай қомағай адамдарды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүлде ұнатпаған. Бірде тамақты өлгенше жеген адамның кекіре бастағанын байқаған Алла елшісі: «Кекіруді тоқтат! Өйткені дүниеде тоя жеген адамдар Қиямет күні ұзақ уақыт аш қалады», – деп қатаң ескерткен. Осындайда дана халқымыз «Жаман өле жейді, жақсы бөле жейді» деп тойынғандарға қарата айтса керек.
Ақыл мен иман иелері жейтін асының адалдығы мен тазалығына мән беруі қажет. Раббымыз ол жайлы Қасиетті Құранда: «Сендерге берілген ризық-несібелердің адалынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деген.
Адам өміріне үлкен әсер ететін нәрсе – асының адалдығы. Дұғаның қабыл болу шартының бірі де дәл осы адал ас мәселесіне тікелей байланысты. Сонымен қатар тамақтанғанда ысырапқа жол бермеу керек. Өйткені Раббымыз ысырапты ұнатпайды және ол шайтан сүйген амалдың бірі. Бұл туралы Қасиетті Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер», –делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Дініміз әмір еткен әрбір амалдың хикметі бар. Егер нәпсі үшін тойып тамақтансаңыз, ол денсаулыққа зиян. Ал бойыма қуат болсын деп, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткен мөлшермен тамақтанар болсаңыз, өзіңізді еркін әрі жеңіл сезінесіз. Сондықтан тамақтанудың ең басты мақсаты нәпсіні тойдыру емес, Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасамақ ниетте болғаны жөн.
Тамақтану барысында ашкөздіктен сақтану керек. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды, тоқ адам аш қалам деп ойламайды» немесе «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең не қалар». Сондықтан тамақты мөлшерден асыра жеуден сақтану қажет.
Хадистерде асты өз уақытымен әрі аз мөлшерде жеу керектігі айтылған. Асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға толтырып, қалған үштен бірін ауаға қалдыру керек.
Тамақ жеуді тоймай тұрып тоқтатқан абзал. Сүннет бойынша, ыдыста тағам қалдығын қалдырмау керек. Жәбирден (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар саусақты және табақты жалауды бұйырған және «Негізінде сендер тағамның қай бөлігінде береке барын білмейсіңдер» деп айтқан (Мүслім). Шамадан артық тағам қаласа, оны міскіндерге таратуға кеңес беріледі. Тамақтан кейін шүкір мен мақтау-мадақ айту қажет. Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында Алла тамақ жеген соң, Өзіне мақтау айтатын немесе сусын ішкен соң Өзіне мақтау айтатын пендеге разы болады» (Мүслім) деген. Осы орайда Адамзаттың асыл тәжі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен тамақтану әдептеріне тоқтала кетсек.
Сахаба Әбу Сәләмә (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен бала кезімде Алла елшісінің (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) қамқорлығында болдым. Әдетте қолымды (ортаға қойылған) ыдыстың әр жеріне соза беретінмін. Бір күні Алла елшісі маған: «Әй, балақай! «Бисмилләһ» деп айт, оң қолыңмен же және өз алдыңнан же!» – деді. Содан бері мен тек солай тамақтанамын» (Бұхари, Мәжа).
Шындығында сол қолмен жеген астың берекесі болмайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сол қолмен жемеңдер, өйткені шайтан сол қолымен тамақтанады», – деген (Мүслім). Демек шама келгенше тамақты оң қолмен жеуді әдетке айналдырған дұрыс.
Бірде Пайғамбарымыз бір үйде ас ішіп отырып, олардан ас қатығын сұрайды. Алайда үй ішіндегілер: «Бiзде сiрке суынан (уксустан) басқа ешнәрсе жоқ», – деп, сірке суын алып келеді. Сонда Алла елшісі оны тамағына қосып: «Сiрке суы қандай жақсы еді, сiрке суы қандай жақсы еді!» – деп сүйсіне жеген (Мүслім).
Бір күні намаздан соң тамақ салынған ыдыс әкелініп, адамдар оның айналасына жинала бастайды. Асқа Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген еді. Ол отырып жатып: «Асты шетiнен бастап ала берiңдер. Ортасына тимеңдер, сонда астарың берекелi болады», – деді (Әбу Дәуіт).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақтың берекесі – тамаққа дейін және одан кейін қол жууда» (Термизи) десе, тағы бір хадисте: «Кімде-кім үйінде жақсылықтың артқанын қаласа, тамаққа дейін және тамақтанғаннан кейін қолын жусын», – деген (Ибн Мәжа, Байһақи).
Міне, асыл дінімізде адал астың маңыздылығы, оны қалай ішіп-жеу керектігінің бәрі айтылған. Бізге жүктелегені – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дара жолын ұстану. Сондықтан сүннет бойынша тамақтанып, Алла адал еткен ризықты ғана жесек, өміріміз мәнді де мағыналы болмақ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне көрсеткен әрбір өнегесінің терең мағынасы бар.
Біздің адам ретінде қалыптасуымызға ішетін асымыздың айтарлықтай әсері бар. Кемел дініміз бір нәрсені бұйырса, демек оның астарында терең сыр жатыр деген сөз. Ендеше, асымыздың адалынан болуына мән беріп, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен тамақтану әдебін ұстанайық!
Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,
Бас мүфти кеңесшісі
muftyat.kz
Пікірлер