Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҒАПЫЛДЫҚ
07 қазан, 2021 жыл 19 Басып шығару нұсқасы

         Алла Тағала адам баласын жаратып жатып, адамның әр мүшесінің өзіне тән  қызметін бекітіп қойған. Көзіміз адам бойындағы жақсылықты әдемілікті көру үшін, Құран оқу үшін жаратылса, қолымыз жақсылық жасау үшін, адал еңбек ету үшін жаратылады. Соның ішінде жүрегімізді Өзіне деген махаббат үшін, яғни Аллаға деген махаббат үшін жаратады екен. Жүрек осы міндетінен тайқығанда адам баласы адаса бастайды. Бар махаббатымызды бір адамға не дүниелік затқа арнаған кезде адам жаратылғандағы мақсатын ұмытып, о дүниеге барғандағы сұраудың ауыр болатынын ұмытады, яғни ол адамның жүрегі ғапылдыққа түседі.  Өзін жаратқан Алланы ұмытып, құлшылыққа немқұрайлы қарайтын ғапылдардың қияметтегі жағдайы туралы Алла Тағала қасиетті Құранда «Әнбия» сүресінің 97-аятында былай жеткізеді: «Ол шын уәде (қиямет) таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: “Әттеген-ай! Біз бұдан кәперсіз залым екенбіз” – делінген. Яғни, ғапылдыққа түскен адамның түбінде өкініште болатыны айтылған. Ғапылдықтың  мағынасы бейне бір көз алдындағыны көрмеу, біле тұра әрекет етпеу дегенге саяды. Бұл хәлге түскен адамның қияметтегі жағдайының ауыр болатыны Құран аяттарында  ескертілген.

          Жүрегіміздің ғапылдыққа түсіп қалуының ең бірінші себебі – дүниені жақсы көру. «Аз ғана ғұмырда қызық көріп қалайын», «мынаны көрейін», «ананы көрейін» деген сынды шайтан салған уәсуәса адам санасын улайды. Түрлі күнәлі істердің бастамасы – осы дүниеге байлану. Саналы адам керісінше бұл дүниеге сынақ үшін келгенін, аз ғана ғұмырының қияметте сұрауы болатынын терең ұғып, уақытын құлшылыққа, сауап амалдарға, Алланы тануға жұмсайды.  

          Харис Мухасаби: «Бауырым біліп қой, шын мәнінде, күнә жасау ғапылдыққа, ғапылдық жүректің қатаюына, қатайған жүрек Алладан алыстауға, Алладан алыстау тозаққа түсуге себеп болады. Шын мәнінде, бұл жайында тек тірілер ақыл жүгіртеді, ал өлілер болса дүниеге деген құштарлықтарының себебінен өз-өзін өлтіруде» - деген. Жоғарыда айтылғандардан тағы бір ұғатынымыз – жүректің ғапылдыққа ұрынуының тағы бір себебі – күнәның көп болуы. Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде : «Адам күнә істеген кезде көңілінде бір қара нүкте пайда болады. Егер тәубе етсе, ол дақ өшеді. Тәубе етпей қайтадан күнә істесесе, ол дақ үлкейіп көңілді толығымен қаптайды, көңілі қап-қара болады» (Хараити) – делінген. Жүрегі қарайған адам – күнә жасағанда өзін айыптауды қойып, күнәні үйреншікті етіп алады. Күнәні еш ойланбастан оңай жасау – ғапылдыққа жол ашады. Алдында ажалдың күтіп тұрғанын, ажалдан соң өлшеулі өмірінің сұрауы барын, тозақ отының барын ұмытқан адам -  құрдымға кеткен адам. Сондықтан, әр мұсылман үшін ғапылдыққа түсуден сақтанудың маңыздылығы өте зор. «Мұсылманның қаруы – дұға» дейді дана халқымыз. Қауіп-қатерден, бәле-жаладан бізді қорғайтын Алладан асқан Қорғаушы жоқ. Мейірімді Алла қол жайып сұраған құлының қолын бос қайтаруға ұялады. Сондықтан да әр дұғамызда ғапылдықтан Алладан пана тілеп, жүрегіміздегі махаббатты тек Өзіне ғана арналуын сұрасақ, дұғамыздың жауапсыз қалмайтыны анық. Алла Тағалам барша мұсылман қауымын ғапылдықтан сақтап, жүрегімізді күнәнің дағынан тазартып, Өзі разы болған құлдардан болуымызды нәсіп етсін!

 

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары