Алла Тағала Құранда Ибраһим пайғамбарды «Алланың досы» атаған. Ибраһим мұндай құрметке бекер ие болған жоқ. Пұтқа табынушылар қоғамында туып-өскен ол шындықты табуға тырысты, соңында Алланың қалауымен тапты да. Бірақ ол мұнымен тоқтамайды, ол өзі сенген шындыққа әкесін, кейін бүкіл халықты шақырады. Олар үшін қам жеп, болашағын ойлайды. Барлық насихатқа қарамастан халық Ибраһимнен теріс айналып, оны дарға асуды талап етеді:
«Ол үшін от дайындап, оны отқа тастаңдар!» (Құран, 37:97).
Сонда билеушінің әмірімен Ибраһимді ұстап алып, зынданға тастайды. Ол уақытта пұтқа табынушылар пайғамбарды өртеу үшін ағаш жинап, тау қылып үйеді. «Діннен безгенді» дарға асатыны туралы барлық халық хабардар болады. Оны көру үшін халық түкпір-түкпірден келеді. Бір кезде жанған отқа жақындау мүмкін болмай қалады. Бірақ жас Ибраһимнің сенімі нық еді, ол бар жүрегімен Аллаға тәуекел етіп, Алла Тағаланың Өзіне сенетіндер мен сабыр қылатындарға әділетті екенін біліп тұрады. Жендеттер Ибраһимді жанып жатқан оттың дәл ортасына тастап жібереді. Дінге сенбейтіндер: «Ибраһим бізге уәде еткен отқа өзі кетті»-деп күледі. Осы сәтте Пайғамбарға Жәбірейіл келіп: «О, Ибраһим, қалауың бар ма?»-деп сұрайды. Ибраһим: «Мен тек Алланың маған риза болғанын қалаймын»-дейді.
Пайғамбардың бұл сөздері кез-келгенді о йлантуы тиіс. Басымызға бір іс түсе қалса «О, Алла жеңілдік бер! О, Аллам мені қорға! О, Аллам көмектес» деп ең алдымен Алланың разылығын емес, өзімізді, басымызға түскен қиындықты ойлап шыға келеміз. Әрине, біз сөзсіз Алладан көмек сұрауымыз керек, бірақ сол жасап жүрген, тырысып жүрген ісіміздің өзі Алланың разылығы үшін болуы керектігін ұмытпауымыз абзал.
От Ибраһимді байлаған арқанды жағып жібереді, бірақ Пайғамбардың өзіне тимеді. Алла Тағала өзі таңдаған Пайғамбарды қорғаған еді. Жас Ибраһим от ішінде болса да Аллаға мадақ айтудан танбады. От өшкенде Ибраһим туған өлкесін қалдырып, басқаларға насихат жүргізу үшін басқа жаққа кетеді.
Бұл тарих әр мұсылманды ойға қалдырады. Біздің ниет-тілегіміз шынайы ма? Біз бәрін Алланың разылығы үшін жасап жүрміз бе?
Ақыл, Аллаға деген сүйіспеншілікке толы жүрек, Жаратушыны жиі еске алу және сынақ кезінде де Аллаға шүкірлік ету – Аллаға жақындататын жол. Ибрахим Алла Тағала айтқандай «Өз жаратушысына таза жүрекпен келгендіктен» «Алланың досы» болды (Құран, 37:84). Оны қиындықтар мен кедергілер мойыта алмады. Ибрахим әлемді тура жолға шақырды. Жаратқанға құлшылық жасайтын орын тұрғызды. Өзінің миссиясын жалғастыратын ұлдар тәрбиеледі. Дінсіздер Ибраһимге қанша жамандық қылса да Алла Тағала Пайғамбарды қорғады. Құранда бұл туралы: «Олар оған зиян шектіргісі келді, бірақ Біз олардың өздері үлкен шығында қалатындай еттік»-дейді.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер