Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла еңбек етуді бұйыра ма?
15 қыркүйек, 2021 жыл 18 Басып шығару нұсқасы

Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а.)  жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген.

Бұл қолдар еңбектенген адамның көрінісі. Еңбек ету, қандай да бір іс бастау үшін тек ниет етіп қоймай әрекет ету өз ризығыңды табу жолындағы Аллаға жақындауың болады. Алла Тағала еңбек еткен әрбір құлының күш-жігерін, амал-айласын толықтай біледі әрі оны елеусіз қалдырмайды. Құран Кәрімде: «(Уа, Пайғамбар!) Еңбектеніңдер,  істеген істеріңді Алла және Елшісі сондай-ақ мүминдер көретін болады. Содан соң көмескі мен әшкерені де білуші Аллаға қайтасыңдар. Ол сендерге не істегендерің жайлы мәлімдейді деп айт» («Тәубе» сүресі, 105-аят) делінген. Бізге жеткен тағы бір қисса туралы осы ретте айта кету орынды.  

Һарун Рашид бір қарт кісінің жеміс ағашын отырғызып жатқанын көріп, оған:

– Әкей,  өзіңіз қартайыпсыз. Отырғызып жатқан ағаштың жемісін жеуге ғұмырыңыз жетпей қала ма, неге бейнеттеніп жатырсыз? – дейді.

Қарт  кісі  былай  деп жауап береді:

– Бізден бұрынғылар отырғызған ағаштың жемісін біз жедік. Енді біз отырғызған ағаштың  жемісін кейінгілер жесін. 

Қарттың жауабы Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді.

– Көрдің бе, балам, отырғызып жатқан ағаштың жемісін міне, мен де көрдім, – дейді.

Байқағанымыздай, Алла Тағала әп сәтте ризығын ойламаған жерден тарту ете қойды.   Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету - Алла Тағаланың адам баласына жүктеген міндеттерінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен,  алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің қайырлы болмасы белгілі. Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят.).

Дүниелік һәм ақиреттік мақсаттарға да жетудің бірден бір жолы –  адал еңбек ету. Еңбек етпей, маңдайдан терді төкпей екі дүниенің оң нәтижесіне жету мүмкін емес. Қоғамның қай саласында болмасын, өзінің ісін, тапсырылған міндетін абыроймен орындап жүрген жан Жаратушының алдында да абыройлы. Өйткені жан-жағындағы адамдарға, қоғамға пайдасы көбірек тиген жан адамдардың ең қайырлысы болып саналады.

Айтқазин Рауан

Балқаш қалалық мешітінң наиб имамы

www.ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары