Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Отбасын сақтау
14 қыркүйек, 2021 жыл 19 Басып шығару нұсқасы

Ислам діні отбасы ұғымына үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, бақытты қоғам орнатуды мақсат етеді. Өйткені қоғамның бұзылуы да, түзелуі де әуелі отбасыдан бастау алатыны белгілі. Іргесі берік отбасылардан қоғамның тұрақтылығы беки түседі.

Ислам әйел мен ердің қосылуын биологиялық қажеттілік шеңберінде ғана қарастырмайды. Отбасы адамның рухани қажеттіліктерін де өтейтін орта. Мұсылман жанұясында ер мен әйелдің әлеуметтік деңгейі немесе ерекшеліктері екінші орынға ысырылады. Өйткені бірінші кезекте екеуінің рухани жарастықтары, бір-бірімен тіл табысуы мен сыйластығы тұрады. Мәселен, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша (р.а.) анамызбен құрған шаңырағы арқылы тату отбасының үлгісін паш еткен. Қасиетті Құранда ең алғашқы отбасы құрушылардың Адам ата мен Хауа ана болғандығы, әуелгіде екеуінің жұмақта өмір сүргендігі айтылады. Бұған қоса, Нұһ пен Ибраһим пайғамбарлардың отбасыларының таңдаулы отбасылар екендігі де тілге тиек етіледі. Өзге тіршілік иелері секілді адам баласының да ұрпақ өрбіту үшін ер мен әйел болып жаратылғаны, бұлардың бір-бірін психологиялық және биологиялық жағынан толықтыра түсетіндігіне назар аударады. Құранда бұл туралы: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла» («Ағраф» сүресі, 7/189), – дейді.

Отбасының берік болуы тәрбиеге байланысты. Алла елшісінің шаңырағында өсек-аяңға жол берілмейтін. Өйткені барлық жақсылықты айтылған ғайбаттың жойып жіберетіндігін жақсы білетін. Бір жолы Айша анамыз әлдекімді сыртынан «Бойы қысқа» деп қалғанда, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «Айша, бұндай сөзіңді қой. Мына сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – дейді. Демек отағасы ретінде Алла елшісі жанұяда өсек-аяңның айтылуына жол бермейтін.

Қазіргі уақытта отбасының іргесі берік болмауы ерлі-зайыптылардың қарапайым отбасылық құндылықтарды, өзара міндеттері мен жауапкершіліктерін білмеуінде.

 Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әке ретінде де адамгершіліктің заңғарында болатын. Үнемі таң намазына мешітке кетіп бара жатып, жолай қызы Фатиманың (р.а.) үйіне соғып, қызы мен күйеу баласы хазірет Әлиді таң намазына оятып кететін. Үлкен қызы Зейнеп мүшірік күйеуі Әбул-Аспен Меккеде қалып қойып, кейіннен Мәдинаға келген кезінде сүйікті қызын көріп қатты қуанады. Хазірет Османмен (р.а.) үйленген қызы Рұқия Хабәшістанға һижрет еткенде, ұзақ уақыт қызының хабар-ошарын біле алмай жүргенде, бір әйелдің келіп, олардың дін-аман екенін білдіргенде қуанышқа кенелуі, қызы Үммү Күлсім қайтыс болғанда қабірінің басында жылауы – міне, осының бәрі оның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әкелік сүйіспеншілігінің жарқын көріністері. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хүсейінді (р.а.) құшағына басып сүйетін. Немере қызы Умамә намаз оқып жатқанда келіп, үстіне шығып алса оны арқалаған күйінше намазын жалғастыратын.

Бұл айтылғанның бәрі отбасында қуаныш пен шаттықтың орнауына себеп болар. Яғни, баланы сүю, оған көңіл бөлу және өмірлік жарына/жұбайына да қамқоры болып, мейірімділік таныту қажет.

Алла Тағала әрбір отбасының ризық-несібесін арттырып, үйіне береке орнатсын. Осы ретте арнайы дұғаны айта кетейік. Отбасындағы жоқшылық пен кедейліктен құтылу үшін оқылатын дұға:

 Я, Алла! Тәніме саулық бер! Уа, Алла! Естуіме саулық бер! Уа, Алла! Жанарыма саулық бер! Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Уа, Алла! Мен күпірлік пен жоқшылықтан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сондай-ақ қабір азабынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сенен басқа ешбір Құдай жоқ.

«Аллаһумма ъафини фи бәдәни, Аллаһум- мә ъафини фи сәмъи, Аллаһумма ъафини фи бәсари, лә иләһә иллә әнт. Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-куфри уәл-фәқри, уә әъузу бикә мин ъазәбил-қабри, лә иләһә иллә әнт».

Айтқазин Рауан

Балқаш қалалық мешітінң наиб имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары