Ислами, ұлттық тәрбие алмаған бала өскен сайын әке-шешесін тек сары уайымға, әуре-сарсаңға салатынын көріп-ақ жүрміз. Және бұл балалар не әке-шешесіне, не өзіне, не қоғамға я халқына пайда әкеліп жарытпайды. Сондықтан, әр ата-ана отбасын құрған сәттен бастап күні ертең баласының күйігін көрмес үшін әр баласын ислами біліммен, ұлттық құндылықтармен сусындатып өсіруі қажет. Бірақ бұл іс бала мектепке барған кезде емес, бала дүниеге келмей тұрып басталуы керек.
Жар таңдау
Бозбала мен бойжеткен отбасын құрар алдында, өздеріне лайық серік іздеген кезден-ақ осы мәселені көкейлеріне түйгені жөн. Себебі әке мен ана қандай болса, баланың олардан алыс кетпейтіні анық. Жар таңдағанда таңдаған адамыңыздың иманын, тегін, қабілетін, әдет-дағдысын білген абзал. Себебі иманы жоқ, Құдайын танымайтын адамнан еш уақытта қайыр болмақ емес. Ал, ер мен әйелдің бойындағы басқа қасиеттер олардың қандай адам екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Алла елшісі жар таңдағанда дініне, байлығына, сұлулығына және тегіне қарап үйленетінін айтты емес пе? Соның арасынан жүрегі мен тілінде Алласы барын таңдау қажеттігін ескертті емес пе? Ескертті. Сондай-ақ бір хадисте: «Сізге келген адамның діндарлығы мен адамгершілігі ұнаса, қыздарыңды соған беріңдер»-делінеді. Сіз таңдайтын жігіт немесе сіз таңдайтын бойжеткен өмірлік серік қана емес, ол болашақ балаларыңыздың әкесі я анасы. Себебі әке де, ана да бала тәрбиесіндегі рөлі орасан.
Ата-баба жолы мен дәстүр сабақтастығы
Осы арада қазақ халқының даналығына тағы бір мәрте тәнті боласыз. Әсілі, қазақ дәстүрі шариғат пен діннен бөлек болмаған. Қазақ өзінің ұлттық салт-дәстүрін Алла Тағаланың бұйрығы мен Ислам дінінің ережелеріне лайықтағанына әбден көз жеткізуге болады. Мысал үшін, шариғат, Пайғамбар сүннеті балиғат жасына толған ұл мен қызды ертерек отбасын құруға, солай дінін толықтыруға, көбеюге үндейді емес пе? Ал енді осы тұрғыдан алғанда атам қазақтың позициясын қараңыз. Атам қазақ бой жеткен қызы мен ат жалын тартып мінген ұлын «Он үште отау иесі» деп ертерек үйлендіруге тырысқан және көпті көрген, өмірден түйгені бар, отбасылық өмірдің не екенін жақсы білетін ата-ана баласының ертеңгі күнін ойлап «тең-теңімен, тезек қабымен» деп, дәрежесі де, байлығы да, тіпті білім жағынан да өздеріне сай, лайық көрген жерден қыз айттырып алады. Бұл дәстүр туралы бүгінде қоғамда аса бір теріс түсінік қалыптасып қалғалы қашан. Бірақ осы дәстүрлердегі даналық бастауларын байқап көріңізші? Неге ертерек үйлендірген? Себебі балиғат жасына жеткен жігіт пен қыз бала зина жасап күнәлі істерге бармайды, некелі жұбайымен ұрпақ өрбітеді, Пайғамбар сүннетінде айтылғандай ертерек өсіп-өнеді. Қарап отырсақ шариғат бекіткен ережелер мен Пайғамбар сүннетіне қазақ дәстүрі қалай етене жатқанын байқайсыз. Қалыңдық айттырудың да біз қозғап отырған тақырыпқа қатысы бар. Себебі жастар жастықпен шалыс басуы мүмкін, бірді біліп, бірді біле бермейді. Ад болашақ баланың қандай болатыны таңдап алған қалыңдыққа немесе таңдап ұзатқан жігітке, екеуінің тегіне тікелей байланысты. Міне осының бәрін ескерген әке-шеше болашақ ұрпағының салиқалы болуын ойлаған.
Бала тәрбиесін дүниеге келмес бұрын бастау
Бала тәрбиесіндегі ең бір маңызды кезең - жұбайлар арасындағы жыныстық жақындықтың дұрыс болуы. Ислам ғұламасы аш-Ша‘рани: «Шынында Алла Тағала баланы жаратқан кезде, баланың болмысы ата-анасының қандай күйде жақындасқанына байланысты болады»-дейді. Сондықтан Әбу Шайба жеткізгендей, ерлі-зайыптылар жыныстық қатынасқа түсер алдында екі рәкәғат сүннет намазын оқығаны абзал. Сондай-ақ Алла елшісінің хадистерінде жыныстық жақындасуды «Бісміллә» сөзінен бастап, келесі дұғаны оқу қажеттілігі айтылады: «Алланың атымен бастаймын. О, Алла! Бізден және Өзің беретін баламыздан шайтанды аулақ қыла көр!». Егер осындай қатынастың нәтижесінде бала дүниеге келсе салиқалы ұрпақ болмақ.
Жүктілік те – өте маңызды кезең. Жүкті әйел неғұрлым Аллаға жақын болғаны, көп уақытын құлшылықта өткізгені абзал. Қиындықтардың көпшілігін ауырсынбай, құлшылықты үзбеуге тырысқан жөн. Көбірек Құран оқу қажет. Мұның бәрі өз кезегінде саналы баланың тууына, әйел адамның аяқ-қолын аман-есен бауырына алуына, жеңіл босануына сеп болады. Алладан есті ұрпақ нәсіп етуді сұрау керек. Қазақтың осындайда айтатын бір тілегі бар: «Бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» -дейді. Міне саналы бала, салиқалы ұрпақ тілеудің маңыздылығын түсіну деген осы емес пе?
Пікірлер