«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен.[1] («Алақ» сүресі,1-5 аяттар) Бұл Қасиетті Құрандағы алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады.
Білімдінің дәрежесі турасында да көптеген хадистер бар. Ілімді адам оқ бойы озық тұратыны жасырын емес. Алла тағала білімдіге осы дүниеде ақ құрмет көрсетіп, дәрежесін өсіріп қойған. Бұл дүниеде ғана емес, оның дәрежесі Алла алдында да озық болмақ.
Бір кісі: «Ғалым мен тақуаның қайсысының дәрежесі биік?», - деп сұрағанда, Алла елшісі (ﷺ): «Мен араларыңдағы ең төменгі дәрежедегі адамнан қаншалықты жоғары болсам, ғалымдар да тақуалардан соншалықты санатта биік тұрады. Себебі, екі дүние, төрт тараптың сыры білімділерге мәлім болмай ма? Алла, періштелер, тіпті құрт-құмырсқа мен теңіз жәндіктеріне дейін білімділерге дұға етеді» - деді де мына аятты оқыды: «Құлдардың арасындағы ғалымдар ғана Аллаға лайық түрде құрмет көрсетеді» («Фатыр» сүресі, 28-аят).
Ілімнің қайнар көзі – Құран. Құран оқуды үйрену әсте қиын емес. Нәпсіні жеңіп алғашқы қадамдарды жасаған адамға, Алла оның жолын ашып қояды. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады. («Бақара» сүресі, 269-аят). Расында, ерте алынған білім санада сақталып қалса керек. Дүние, атақ, абырой барлығы да уақытша нәрсе. Алланың кереметтерін ұғынып, ілім іздену үлкен сауапты іс. Бізге жеткен хадистерден білім алудың аса маңыздылығына көз жеткіземіз.
«Язид ибн Үмәйра (р.а.) жеткізген екен: Сахабалардан Муаз ибн Жәбәлдің (р.а.) әл үстінде жатқан кезі. Жұрт тегіс жиналып жылап отырады. Муаз (р.а.) олардан: «Неге жылайсыңдар?», - деп сұрайды. Олар: «Сенімен бірге кететін ілімді жоқтап жылаймыз», - дейді. Сонда Муаз (р.а.) оларды жұбатып: «Ілім мен иман жоғалмайды, қияметке дейін қалады. Кім ізденсе, бұл екеуін табады. Бұлар Құран мен сүннетте тұнып тұр. Ілімді басқадан емес, Омар, Осман, Әлиден (р.а.) алыңдар. Ақиқатты кім айтса, мойындаңдар. Өтірікті кім айтса, одан бойларыңды аулақ салыңдар», - деп айтқан екен.
Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындандыру.
Валиев Ахмадулла
Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы
ihsan.kz
Пікірлер