Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Көп әйел алушылық тығырыққа тірейтін жол ма?
10 сәуір, 2015 жыл 283 Басып шығару нұсқасы

Көп әйел алушылық тығырыққа тірейтін жол ма? Аса қамқор ерекше мейрімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.


  «Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқындар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан безуден сақтаныңдар. Күмәнсіз, Алла сендерді бақылаушы!» («Ниса» сүресі, 1-аят).
Ислам діні әйелге ерекше құрмет көрсетеді және әйелге деген мұндай құрметті басқа ешқандай діннен, ешқандай қауымнан көре алмайсыз. Бұған көзімізді жеткізу үшін адамзат тарихына үңілейік. Көне Римде әйел тұрмысқа шыққанда оның дүние мүлкі күйеуінің иелігіне көшетін. Әйелге азаматтық немесе қоғамдық қызметкер болуға, куәгер, кепілгер, қамқоршы болуға еш рұқсат берілмейтін. Ал Көне Қытайда күйеуі әйелін сататын болған екен. Егер әйелі жесір қалса, оны күйеуінің туыстары иеленетін, яғни, ол күйеуінен қалған мүлкі секілді туыстарының қолына көшетін. Кейде, тіпті, қайтыс болған күйеуімен бірге әйелін тірідей көміп тастайтын. Көне Үндістанда күйеуі өлсе, дәстүр бойынша әйелін де күйеуімен бірге тірідей өртейтін. Ал әйел қарсыласып, тірі қалған жағдайда өмір бойы қаралы жүретін және ол жақындаған нәрселердің бәрі лас саналатын.
Яһудилердің сенімі бойынша, әйел баласы – адамды тура жолдан адастырушы. Етеккірі келгенде, олар әйелімен бірге тамақтанбайды, тіпті етеккірі тоқтағанға дейін үйлерінен қуып жіберетін. Бұған қарсы жауап ретінде асыл дініміздің ұстазы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисінде: «Мен етеккір уақытында ыдыстан су іштім, Алланың елшісі сол ыдысты алып, менің көзіме тік қарап, дәл мен ішкен жерімнен су ішті», – делінеді. Яғни, ислам діні әйел затының абройын қашан да жоғары бағалаған, оларды еш кемсітіп, төмендетпеген.
Ерте христиан дінінде әйелді «тозақтың қақпасы, барлық бәленің бастауы» деп суреттейді. Олар: «әйел адамды күнәға жетектейтін, лас, пасық, одан сақтану керек» - деген корытынды шығарып, елді некесіздікке шақырып, үйленбеске ант беруге үндеді. Ал Генрих VIII басшылығы кезінде парламентте әйелге Інжілді оқуға тыйым салу жөнінде резолюция қабылданды. Себебі, Інжіл үшін әйел лас болып саналатын. Әрине, әйел баласына бұлай қарым-қатынас жасау Алланың пайғамбарларынан келген өсиеті емес, қатардағы адамдардың бұрмалап жіберген дүниелері еді. Қазіргі кезде батыс елдеріндегі әйелдің жағдайы жөнінде де көптеген мысалдар келтіруге болады. Батыстағы кейбір мемлекеттерде әйелге деген шектен шыққан арсыздық, менсінбеушілік, онымен санаспаушылық айқын байқалатынын бәріміз де білеміз. Және сол мемлекеттерде жезөкшелік, гомосексуализм және некесіз қатынастар кең етек жаюда.
Алысқа қарамай-ақ, өз еліміздегі статистикаға келер болсақ, некесіз қосылып жүкті болған әйелдердің жылына 22 мыңы қолдан түсік жасатып, каншама сәбилерді жарық дүниесінен айырып жатыр. Яғни, 10 жылда  елімізде 220 мың адамның өмірі қыршынынан қиылуда деген сөз. Бұл еліміз үшін орны толмас қасірет.
Қазіргі таңда Қазақстанда бір ер азаматқа 4-5 әйелден шақ келеді екен. Егер осылай деп есептесек, бір жігіт бір әйелге ие болып қалса, басқа әйелдер кімнің қамқорлығында қалмақ? Оларға басқа елдің азаматы ма күйеу болатын? Қаракөз қыздарымызды адам қатарына қоспай, бір қолданып тастап жатқандар да аз емес. Бұл мәселе қайтсе шешімін таппақ?
Асыл дінімізге көңіл аударсақ, Ислам діні әйелге басқа дінде болмаған құқықтар берді, оның дәрежесін көтерді. Оны құрметті ана, қымбатты әйел, аяулы қарындас, сүйікті қызға айналдырды. Шариғат бекіткен көпнекелік те әйел үшін жасалған өте үлкен рахымшылық. Көпнекелік Ислам дінінің ерекшелігі емес, ол басқа діндерде де болған нәрсе екені ерте заманнан белгілі. Оны біз Ибраһим, Яқұб, Дәуід, Сүлеймен және де басқа да пайғамбарларымыздың тарихынан білеміз. Ал Ислам діні әйелдің абыройын сақтайтын осы әрекетке тек шектеулер енгізіп, нақты шарттар қойды. Казіргі кезде көпнекелік мәселесі кереғар пікірлерді туғызып жүр. Көпнекелік мәселесі адамдардың санасына қонымсыз, орындалуы мүмкін емес жағдайға айналды. Әйелдердің санасы уланғаны сонша, екінші әйел дегенде шаштары тік тұратындай жағдайға жетті. Бұған қарсылық білдіріп, керісінше «пәленше деген құрбым әйелі бар бизнесменнің ойнасы» деп әңгіме соғып отыратындар кездесіп қалып жатады. Яғни, «некесіз ойнас» дегенді дұрыс қабылдап, қолдап, табиғи жағдай ретінде қабылдайды. Ал енді ойнас, көңілдес деген сөзінің мағынасына көніл аударсақ, атының өзі айтып тұрғандай, ойнап, көңіл көтеріп тасталатын зат ретінде қолданылады. Демек ойнас әйелі, біріншіден, Алланың алдында үлкен күнә бола тұрып, заң алдында ешқандай жауапқа тартылмайды.
Көпнекеліктің мән-маңызына қарасақ, біріншіден, Аллаһ Тағаладан жеткен, Аллаһ Тағала рұқсат еткен жайт. Сондықтан да, оны қабылдамау немесе оған өшпенділік танытып, қарсылық білдіру, өте қате, дінге ерсі нәрсе.
Екіншіден, көпнекеліктің ең маңызды мәні ұрпақ көбейту, мұсылман қауымының санын арттыру. Мұсылмандар көбейген сайын, ислам діні нығая түседі, басқа қауымдар жағынан құрметке ие болады.
Көпнекелік ұрпақ көбейтудің бірден-бір себебі екендігін әрбір адам түсінетін шығар. Пайғамбарымыз айтқан екен: «Жақсы көретін және көп ұрпақ әкелетін әйелдерге үйленіңдер! Негізінен басқа қауымдардың алдында сендердің көптігімен мақтанамын» (Ахмад, ибн Хиббан ).
Үшіншіден, кейде әйел адам бедеулігіне немесе жасына байланысты бала көтере алмайды. Ал жұбайы болса, әрине, балалы болғысы келеді. Осындай жағдайда не істеу керек? Осы әйелмен ажырасып, басқасына үйленуі жақсы ма, әлде бала көтере алатын екінші әйел алып, біріншісіне де қамқоршы болғаны жақсы ма?
Төртіншіден, кейбір ер адамдар қоғамдық мәселелермен тығыз айналысқандықтан, олардың жесір, жетім, кедей әйелдермен етене араласатын, олармен кездесетін, сойлесетін жағдайлары болады. Сол кезде сол әйелдерге елігіп кетуден қорқады. Ал оларға үйленетін болса, жақсы қоғамға пайдалы амал болатын еді. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Жесір әйелді қамқорлығына алған. Бұдан сүннетті де көреміз. Пайғамбарымыз былай дейді: «Жесірлер мен кедейлерге қамқорлық көрсеткен Аллаһтың жолында күрескеннің, оразасын үзбей ұстағанның немесе намазын қаза етпей оқығанның сауабымен тең келеді» (имам Бухари, Муслим).
Бесіншіден, күмәнсіз, көпнекелік қоғамды рухани, моральді аурулардан, жезөкшеліктен, баласынан бас тарту секілді дерттерден сақтайды. Некелердің бұзылуы салдарынан туатын балаларды кезбелік пен қаңғырушылықтан да сақтайды, яғни бұзақылыққа жол бермейді. Некелердің бұзылуын азайтады, көпнекелік ер адамды байсалды, жауапты ақылды қылады. Бұқаралық ақпарат құралдары көпнекеліктің теріс жағын ғана көрсеткісі келеді, көпнекелік жанұялардың ажырасуына себеп болады деп хабарлайды. Бір әйел болған кезде қаншама бас ауыртатын мәселелер бар, ал екі немесе одан да көп әйелің болса, бұл мәселелер тек көбейеді деген ойға жетелейді. Бұл олардың теріс ойы. Көпнекелік тұрақтылыққа әкеледі, таза ниетпен және шариғатқа сәйкес жасалынса.
Үйде үй қызметшілерін ұстап, олармен байланысқа түсу, порносайттарды қарау, бір жынысты некені қолдау, осының бәрі некелердің бұзылуына, және қоғамды, ұлтты, адамзатты азғындыққа әкеліп соғады. Осы мәселелердің түп-тамыры бір әйелмен ғана шектелуде деп ойлаймын. Мұсылмандардың, оның ішіндегі қазақ ұлтын көбейтемін, пайғамбарлардың, қазақ данышпандарының жолын ұстанамын дегендерге, осы және басқа да мәселелердің шешімі – көпнекелікте. Әрине оқырмандар, көпнекелікті міндет немесе парыз деп қабылдамасын. Ол әр адамның әлеуметтік және психологиялық жағдайына тікелей байланысты. Екінші әйелге некелесемін деп, бірінші жанұясының шаңырағы ортаға түсіп құлап жатса, әлбетте ол дін тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да құпталмайтын қателік. Бұл біздің оқырмандарға салған ойымыз.


Мұхит Жаримбетов, Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы.





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары