Бисмилләһ, уәс соләәту уәс сәләәму ғаләә росулилләһ!
Зеректік – адамның жаратылыстық қасиеті. Қазақтың данасы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары... Біреуі – білсем екен демеклік. Бұл – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен», - деп, есейе келе адам осы жан құмарлығын ұмытып, тек тән құмарлығына ден қоятындығын айтады.
Расымен де, осы қара сөзде айтылғандай білуге құмарлық адамзаттың әу бастағы жаратылысына енгізілген ұлы бір қасиет. Нақ осы білім арқылы Алла Тағала әу баста Адам атаны (оған Алланың сәлемі болсын) басқа жаратылыстарынан, періштелер мен жындардан абыройын арттырып, дәрежесін биіктетті. Жаратушы Хақ Тағала Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) білімін періштелерге үлгі етеді. Оған неше түрлі жаратылыстардың атауларын үйретіп, кейінірек олар туралы періштелерден сұрағанда олар: «Уа, Раббымыз, Сен Пәксің! Біз өзіңнің үйреткеніңді ғана білеміз. Бізде одан басқа білім жоқ. Ал Сен Аса Білгір әрі Данасың», - деп тосылады («Бақара» сүресі, 32-аят). Міне, осы кезден бастап адамзат баласының басқа жаратылыстардан Алла Тағала берген басты айырмашылығы ғылым-білім, ақыл-сана болды. Сондай-ақ осы артықшылықтың негізінде парыздар жүктеліп, дін мен даналық берілді. Білім адамның адамнан артықшылығын білдіретін басты қасиет. Абайша айтқанда: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де - ақымақшылдық».
Шынтуайтында, зеректік - бұл мұсылманшылықтың талабы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай: «Даналық, хикмет – мұсылманның іздеп жүргені». Ал Құран Кәрім бізге «Алланың жолына хикметпен шақыр» («Нәхл» сүресі, 25-аят) деп нұсқайды.
Сәтбаев қаласы
«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің
ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы
ihsan.kz
Пікірлер