Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадис шәріпінде былай деген: «Алла Тағаланың бұл дүниеде білім ошақтарын іздейтін періштелері бар. Ол періштелер білім үйреніп отырған ортаны көрсе, біріне-бірі: «Мына мекенге келіңдер! Сендердің іздегендерің осы жерде», – деп, сол ортаны қоршап, (білім үйреніп жатқандармен бірге) отырады. Ал, (ғылыми мәжілістен) қайтып, періштелер Алланың құзырына барғанда, Алла Тағала оларға: «Сендер куә болыңдар мен сол жерде (яғни, ғылым үйреніп) отырған баршаның күнәсін кештім», – дейді. Сонда бір періште: «О, Жаратқан Алла! Әлгі орында пәленше атты кісі болды, бірақ ол ілім алу үшін емес, өзінің бір қажеті үшін келіп еді», – деді. Сонда Алла Тағала: «Сендер куәгер болыңдар. Мен оның да күнәсін кештім», – деді». Тағы бір хадисте: «Олар (білім алушылар) сондай қауым олармен отырған адамдар ешқашан бақытсыз болмайды», – делінген. Демек, «білім ошағынан табылу – бақытты ортадан, Алланың жарылқауына іліккен топтан табылу» деген сөз.
Араб мүшриктері әуел бастан-ақ бірігіп, ислам дінін жоқ қылып жіберуге барлық әрекеттерін жасады. Деректерге жүгінсек, мұсылмандардың жеңілісімен аяқталуына сәл-ақ қалған сәттер болған. Бірақ, Алла Тағаланың көмегімен аз санды мұсылмандар көп санды мүшриктерді талқандап, жеңіске жетті. Осылайша Араб топырағы ислам туы желбіреген мемлекетке айналды.
Сол замандардағы теңдесі жоқ Рум, Парсы мемлекетері де ислам дінін жоюды көздеген еді. Дегенмен, олардың да мақсаты амалға аспады, бұл екі мемлекет Құдайдың құдыретімен құлап, ол жердегі халықтар түгелімен исламды қабылдады.
Яһудилердің де мұсылмандарға көрсетпегені қалмаған еді, бірақ олардың басына да өздері мұсылмандарға істеген күн туды. Насаралардың крест жорығында қанға батып, жоқ болуына аз қалғанда мұсылман үмбеті жағынан қорғауға алынып, жау тартып алған жерлері қайтарылды. Одан кейінгі замандарда да исламға қарсы жауыздық жасағандар кем болған жоқ. Осы қарсылықтардың барлығында ислам жеңіліс табатындай көрінетін.
Ендігі мәселе, ислам дінін көркейтуде біз не істей аламыз? Бұл сауалдың жауабы – діни білім алу. Шариғи білімді терең алып, дінді дұрыс насихаттау арқылы исламды дұрыс әрі тыянақты жеткізуге, көркем түрде кеңге жаюға болады. Сахабалар мен ғалымдардың барлығы да ілім жолында тек шындыққа сүйенді. Пайғамбар (сас) жолын ұстанып, Алланың разылы үшін бар ынтасымен ілімді игерді.
Сондықтан ислам дінінің білімге деген көзқарасын білгісі келген жанның Құран Кәрім мен пайғамбар хадисі арқылы оқып-білуіне болады. Құран Кәрім мен хадис шәріптерде білімнің артықшылығы мен қадір-қасиеті жайында мысалдар көп. Айтар болсақ, қасиетті Құранда: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – дейді. Олай болса, Құранды түсіну үшін адам, ең алдымен, ғылымға ден қоюы керек. Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?». Байқасақ, Алла Тағала әр мәселені түсіндіруде алдымен сұрақ қойып, кейіннен оған жауап айтады. Алла Елшісі (сас) сахабаларға қандайда бір мәселені ұғындырарда тура осы тәсілді ұстанған. Бізге жеткен хадистердің көбінде оқиға желісімен танысар болсақ, әуелі сұрақ қойылып, кейін жауап берілген. Бұдан ұғарымыз, ілім жолына түсу барды игеріп қана қоймай, көкейдегі сұраққа жауап іздеуден тұрады екен. Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған. «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175). Олай болса, Аллаға білім іздену арқылы жақындай түсуге болады екен.
Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!
Балқаш қалалық мешітінің бас имамы: Тольтаев.Е.
ihsan.kz
Пікірлер