Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бауырмалдылық
21 шілде, 2021 жыл 910 Басып шығару нұсқасы

          Адам баласының бойына ең қажетті мейірімділік пен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен кеңпейілділік және тағы да басқа құндылықтарды топтастыратын маңызды қасиеттің бірі – бауырмалдық.   Бұл қасиеттің әсіресе, асыл дініміздегі алатын орны өте ерекше. Дінімізде мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида, исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі. Алла Тағала Құран Кәрімде: (Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды). Яғни, Алла Тағала «бір топ, бір отбасы, бір ұлт немесе бір ел» деп айтпады. Бәлкім «Түп-түгел.» деп мұсылмандардың бөлінбейтін бір үммет екендігін меңзеді. Сондай-ақ, Хужурат сүресінің 10-аятында да ашық та айқын мұсылмандар бір-бірімен ажырамас ағайын-туыс екендігі айтылып, араларында ұрыс-керіс, дау-жанжал   болмайтындығы, егер бола қалған жағдайда тез арада татуластырып жіберу ең игі сауапты іс екендігі айтылған: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар да Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер». Алла елшісі де (с.ғ.с.) шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес екенін өсиет сөздерінде баса назар аударған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», - деп айтты», - делінген. Өкінішке орай, қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, жат ағымның жетегінде кетіп, туған–туысы, достарынан теріс айналғаны былай тұрсын, өзінің туған ата–анасына қарсы шығып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуін де байқап жатырмыз. Жасырын емес, қазіргі таңда бір қарағаннан–ақ  сыртқы келбетімен көпшіліктен ерекшеленіп тұратын деструктивті ағым жақтастары кездесіп жатады. Сауда орындары болсын, қоғамдық қатынас көліктерінде де кезігіп қалатынымыз айдан анық, Байқап қарасаңыз сондай жат ағым өкілдерінің басым көпшілігі сізбен қарым–қатынас жасауда әдептілік, көркем мінез, бауырмалдық деген қасиеттерді мүлдем танытпайды. Керісінше дөрекілік көрсетеді. Мұқтажыңызды іздеп барғанда немесе басқа да жағдайда жолыңыз түйіссе, сізге жәрдем беруден көпшілігі бойын аулақ ұстайды.  Алла елшісі  (с.ғ.с.) шынайы мұсылмандықты мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес екенін өсиет сөздерінде басты назар аударған. Ақиқатында, асыл дініміз бауырмашылдық пен кеңпейілділік, бейбітшілік пен татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез, жақсылық пен тақуалық және өзара жәрдемдесу секілді ізгілікті істердің бәрін өз ішіне қамтыған. Бірақ қазіргі таңда адамдар арасында достық, бауырмалдық мінездерден гөрі, алауыздық көбірек байқалатыны жасырын емес. Кейде адамдар болмашы бір дүниелік іске бола,  өзінің  бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатады. Ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжіуіне тиым салынады. Елімізде халықтың діни-сауаттылығын арттырып, атадан қалған асыл дініміздің тағылымды тәрбиелік құндылықтарын бойымызға сіңіріп, іске асыра білсек қана халқымыздың бірін-біріне деген бауырмашылдығы арта түсері ақиқат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадисте:  «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес», - делінген. ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бір-біріне дос, бауыр дейді. Олай болса, «Ақ, қарамыз, сарымыз – дос-бауырмыз бәріміз» – деп, халықты ру мен жүзге бөлмей, кішкентай кезден жас ұрпақты бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет. Жас ұрпақ әркез «бауыр», «бауырым», «бауырластық» деген сөздердің мән - мағыналарын терең де жете түсінгені абзал. Өйткені, бауырмалдық халқымыз ерекше қастерлейтін құдіретті қасиет. Онсыз өмір жоқ, ол бар өмірдің «тұздығы», жылуы мен қуаты, сәні мен мәні.  Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастар өздерін имандылық пен ибалылыққа, бауырмалдық пен көркем мінезділікке, білімділік пен қарапайымдылыққа  тәрбиелеу жағын күшейтуді басты мәселе деп қарауды ұмытпауымыз қажет. Халқымыздың  бауырмашылдығы берік болса, алынбайтын қамал, өте алмайтын асу болмайды. Бір-бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, көркем мінезділік танытып, қамқор және бауырмашыл бола білейік!

 

 

Омаров Нұрперзент Еламанұлы

Жезқазған қаласы, Ахмет Ишан Оразайұлы

мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары