Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әдептің маңыздылығы
14 шілде, 2021 жыл 392 Басып шығару нұсқасы

Әдеп сөзі араб тілінің: ( أدب‎ ) әдаб – сөзінен алынған кірме сөз, әдеп қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптардың жиынтық атауы болып табылады[1].

Әдеп халықтың әдет-ғұрпында қалыптасқан этикалық тәртіп. Игі әдетпен, өміршең әдет-ғұрыпппен қалыптасқан ұлттық мәдениеттің көрінісі, мәдени үрдістердің, имандылықтың тірек негізі.

Мұсылман адамның тұлғасын кемелдендіріп және адамдарға үйлесімді өмір сыйлау үшін ислам діні әдепті болуға, әдептілікті өмір салтына айналдыруға шақырады. Алла тағаланың Кәләмі Құранда және Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетінде баяндалатын әдеп түрлері мен ізгі қасиеттер мұсылманның жүріс-тұрысына сән беріп, бойындағы жақсылығын асырады. Нәтижесінде мұсылман адам әдептілігімен адамдардың жүрегін баурап, қоршаған ортасына сүйкімді болады.

Ислам әдебі шариғаттың мәні мен мақсаты болып табылады. Әдеп адам өмірінің бір тұсын ғана немесе оның жүріс-тұрысының бір қырын ғана қамтумен шектелмейді. «Әдепті ұстану немесе ұстанбау – адамның өз еркіндегі іс» деген түсініктен аулақ болған жөн.

Хазреті Омар «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ол өте айбатты болуына қарамай, әдептілігінен, ұяттылығынан Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанында өте ақырын сөйлейтін еді. Пайғамбарымыз да, бір адамның жанында тізерлеп отыратын, ол адамға құрмет көрсету үшін мүбәрәк аяғын тік көтеріп отырмайтын еді. Әбу Саид Худри (р.а.): «Алла елшісінің (әдебі) ұяты, бойдақ мұсылман қыздарының ұятынан да көп еді» дейтін.

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Бала-шағаларыңды әдепті, тәрбиелі етіп өсіріңдер» десе, және бір хадис шәрифте: «Мінез-құлықтарыңды дұрыстаңдар» деп әдепті болуға шақыра отырып, жаман мінез-құлықтың түзелетінін айтқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдепті болуды үйретіп қоймай әрі өзі іс жүзінде көрсетіп үлгі болатын. Ол ешқашан туралықтан, шындықтан, жақсылықтан бір сәт ажырамаған, тамаша мінезімен, іс-әрекеттерімен басқаларға үлгі еді. Алла Құранда: «Алланың елшісінің бойында сіздер үлгі алатындай көркем өнегелер бар»[2] дей отырып, Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен үлгі алуға шақырған. Біздің міндетіміз – пайғамбарымыздың парасаттылық пен адамгершілікке толы өмірін біліп, үйреніп, оны өзімізге үлгі тұту.

Ибн Мүбәрәк (р.а.): «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» дейтін. Дана халқымызда:

Әдепсіз өскен адамнан,

Әдеппен өскен тал артық.

Әдептің не екенін,

Әдепсіз адамды көргенде білесің, деген мақал бекерге айтылмаған.

Барлық уақытта, барлық жерде әдепті, ұятты болуға тырысу керек! Хадис шәрифте:«Ұятсыздық, әдепсіздік адамды күпірге түсіреді»- делінген. Әдеп ғимаратты ұстап тұратын тірек тәрізді.Тірексіз ғимараттың тұруы қиын болғанындай, әдепсіз адамның иманын қорғауы да қиын болады.  

Имам әл-Қарафи «Әл-Фуруқ» атты еңбегінде әрбір амалдан әдептің алатын орнын баяндап, әдептің амалдан бұрын істелудің маңызын айтып: «Білгін, азғантай әдеп  көп амалдан жақсырақ. Сол үшін де салиқалы ғұлама Руайм өзінің ұлына: «Уа, балақайым, амалыңды тұз секілді қыл, ал әдебіңді ұн секілді қыл! Яғни қамырда ұнның мөлшері тұздан қалай көп болса, дәл солай әдебің көбірек болсын деген мағынада. Үлкен әдеппен орындалған азғантай ізгі амал  аз әдеппен жасалған амалдан жақсырақ»[3], – деп айтқан. 

Абдул-Фаттах: «Меніңше, исламның кейбір әдеп түрлері қарапайым көрінсе немесе жұрттың назарын аударатындай болса, ондай әдепті амалға асырғанда тұрған не оғаштық бар?! Біздің көбіміз сондай бір әдеп түрлеріне көңіл бөлмей, қателік жібереміз. Мұсылманның тұлғасына тән емес деп, қарапайым әдеп түрін менсінбей жатамыз. Бірақ мұсылман әдеп арқылы өз тұлғасының көркін келтіріп, кемелдене түспей ме?! Осыған байланысты мырзамыз  Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір топ сахабасымен бірге болғанда, оларға әдептілікті үйретіп былай деген: «Сендер бауырларыңа барғалы жатырсыңдар, сондықтан киімдеріңді әдемілеп, көліктеріңнің әбзелдерін сәндеңдер. Адамдардың ажарын ашатын қал секілді болыңдар. Ақиқатында, Алла сүйкімсіздікті әрі дөрекілікті жақсы көрмейді»[4], – деген.  

Әдеп тіпті адам өміріндегі елеусіз істерге де қатысты болады. Мысал ретінде дәретханаға кіріп шығуды, онда қалай отыруды, қалай тазалануды айтса болады. Бірде мүшіріктердің бірі Салман әл-Фарисиді (р.а.) келеке етіп, оны ызаландыру ниетімен: «Пайғамбарларың сендерге тіпті түзге қалай отыруды да үйреткен бе?» – деді. Салман: «Әрине, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) құбылаға қарап үлкен-кіші дәретке отырудан, оң қолмен тазаланудан, үшеуден аз таспен, тезекпен және сүйекпен тазаланудан тыйған», – деп жауап берген[5].

Хадис шәрифтен байқағандай мұсылман адамның мұсылман екені әдебімен әдемі киімімен, келісті келбетімен, көз тартар бейнесімен көрініп тұруы керек. Дұрысын Алла білуші.  

 

[1] Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2.

[2] Ахзаб сүресі, 21-аят

[3] Имам әл-Қарафи.  «Әнуар әл-буруқ фи ануа әл-фуруқ»,  ІІІ том, 96-бет; IV том, 272-бет.

[4] «Сунан Әбу Дәуд», «Киім» бөлімі, «Изарды түсіру туралы» тарау, IV том, 349-бет.

[5] «Сахих Муслим», «Таһарат».

Қарағанды қалалық "Әл Машани" мешіті

               

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары