Ұят – адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Қазақта «Ұяты бардың – иманы бар» деген даналық сөздің көп айтылатыны қазақ халқының ар-ұят ұғымына ерекше мән бергенін аңғартады. Ұяты бар адам бойын адамға ерсі көрінер жат қылықтардан аулақ ұстап, әрқашан адамгершілігін жоғары қойып, абыройын сақтайды. Мұндай адам елге қадірлі, екі дүниеде де қайырлы адам болғаны. «Ұят» ұғымы асыл дінімізде де жоғары бағаланады. Адамзаттың асыл тәжі, әз Пайғамбарымыз өзінің ар-ұятының жоғары дәрежесімен, ұялшақтығымен ерекшеленген. Сара жолды сахабаралдың бірі, Әбу Сайд: «Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бойындағы ұят, перденің артында отырған бойжеткеннің ұятынан да асып түсетін. Егер Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұятты бір істі көрер болса, оның жүзіне қарап ұялғанын білетін едік» дейді. Ежелден дана қазақ халқы да «Өлімнен ұят күшті» деп ар-ұятын өмірінен де жоғары қойған. Исламда ұят ұғымының мынандай үш түрі бар: адамның өз-өзінен ұялуы, айналасындағы адамдардан ұялуы және әлемдердің раббысы, өзін жаратқан Алладан ұялуы. Ұяттың осы үш түрінің ең басты әрі маңыздысы - Алладан ұялу деп білемін. Өйткені екі дүние сардары болған Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Адамдарға қарағанда ұялуға ең лайықты болған ол Алла тағала» - деген екен. Иә, расымен бізді жоқтан бар етіп, өмір сүруге мүмкіндік берген Алладан оның бұйрықтарын орындамаудан ұялып, тыйымдарынан тыйылу – біздің Алладан шынайы ұялатынымызды аңғартады. Әрі Алладан шынайы ұялған адам айналасындағы адамдардан ұялатын және өз нәпсісі үшін ұялатын іс қылмайды. Ойлана келе, ұят – барша жаман қасиеттерден адамды тыйып, ізгіліктің дәнін егетін ең құнды қасиет екеніне көзіміз жетеді. Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Хурайрадан жеткен бір хадисінде былай делінеді: «Ұят иманнан, ал иман жәннатта. Арсыздық дөрекілік, ал дөрекілік тозақта». Бұл хадис-шарифтен біз ұяты бар адамның Алланың қалауымен жәннатқа, яғни мәңгілік бақытқа қол жеткізетінін біле аламыз. Осындай игіліктерге жеткізетін құнды қасиетті иемденуге барымызды салуымыз – біздің адамдық борышымыз. Ежелде қазақ халқымыз баланы үш-ақ сөзбен тәрбиелеген екен: «ұят болады, обал болады, жаман болады». Осы үш сөзді баланың санасына жастайынан құйып, арлы, намысты етіп тәрбиелеген. Алайда, қазіргі таңда ұят ұғымының мағынасы қоғамда ауысып кеткен тәрізді. Алланың бұйрығын орындап, жастар намаз оқып бастаса, маңындағы ақылсымақтар «ұят» деп жалған намыстың жетегіне жармасады. Алланың азабынан қорқып, жас қыздарымыз орамалға келіп жатса, жанындағы безбүйрек ата-аналар «адамдардың бетіне қалай қараймын? Ұятқой» деп перзентінің жалаңаштанғанынан емес, ұятын сақтағанынан ұялып жүр. Айта берсек осы тізбек жалғаса береді... Ар-ұяттың қағидаларын ұстанып жүру қазіргі қоғамда оңай шаруа емес болып қалды. Осы жайлы қазақтың ұлы ойшылы Абай атамыз әріден ойлап, өзінің қара сөзінде былай айтып өткен: «Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі - надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді» - дейді. Ұятсыздық – барша жамандыққа жол ашатын азғындық. Сондықтан ең алдымен ар-ұятымызды сақтауға, оны жастарымызға ұғындыруға көп мән беруіміз қажет. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» - деген. Өзгелерді жақсылыққа тарту үшін өзіміз сол жақсылықтың көркем үлгісін көрсете білуіміз қажет. Ар-ұятымызды сақтап, айналамыздағы адамдарға да осыны насихаттап, жанашырлық таныта білсек – біздің бір міндетімізден құтылғанымыз болмақ. Алла Тағала баршамызды ар-ұятын сақтаған, іс-әрекеті үшін ешкімнің алдында қызармайтын, салихалы құлдарынан еткей!
Қаражал қалалық мешітінің
имамы Советов Талғат.
ihsan.kz
Пікірлер