Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мурақабаны қалыптастыратын факторлар
24 маусым, 2021 жыл 171 Басып шығару нұсқасы

Әуелі Раббымыз Алла тағалаға сансыз мадақтар мен мақтаулар болсын! Сүйікті Пайғамбарымызға шексіз салауаттар мен сәлемдер болғай!

Ислам дінінің ең маңызды амалдарының қатарында нәпсі тәрбиесі елеулі орын алатыны сөзсіз. Ал сол нәпсіні тізгіндеу, жақсылықты ләзім көріп, тәртіпті жолға қою белгілі бір жүйемен орын алатыны ақиқат. Ислам ғұламалары нәпсі тәрбиелеу жүйесін былай тізбектеп көрсеткен: мушарата (өзара шарттасу), мурақаба (бақылап отыру), мухасаба (амалдан соң есеп жасау), муақаба (нәпсіні кемшілігі үшін жазалау), мужахада (нәпсіні әдепке шақыру) және муатаба (нәпсіні қорқытып тұру).  Нәпсі тәрбиесінің бір бөлігі болған мурақаба жөнін тарқатсақ.

Мурақаба – мұқият бақылау деген сөз. Нәпсімен шарттасқан пенде оны мурақаба етіп тұруы керек. Нәпсіні еш уақыт мурақабасыз өз жөніне тастап қоюға болмайды. Нәпсі онсыз жолдан шығады. Мурақабаны түсініп, оны жолға қоюда Құран аяттары, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадистері басты негіз бола алады.

Алла Тағала «Ниса» сүресінде: «Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», – деп ескертеді. Расында, Алла Тағала бәрін көріп, сезіп тұрушы. Мұны түйсінген әрбір жан өзін қолға алуы тиіс.

Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) риуаят етеді: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ихсан туралы сұралғанда: «Аллаға тура Оның көріп тұрғанындай, егер сен Оны көрмесең, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық жасауың», – деп жауап берді» (Имам Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи мен Насаи).

Осыдан келіп, мұсылман адам әр сәтінде Алла Тағала оны көріп тұрғандай ықыласпен өмір сүруі, Жаратушының разылығын алуға тырысуы қажет. Егер бұл жоғарғы мәртебеге жетуге жігерсіздік танытса, әрбір сәтін Алла Тағала мені көріп тұр деп ойлап, соған жараса іс-әрекет жасауы лазым. Сонда ғана ихсан дәрежесіне жетеді.

Риуаят бойынша, машайхтардың бірінің жас шәкірті бар еді.  Шейх оны құрметтеп, басқалардан жоғары қоятын. Шәкірттерінің бірі: «Бұл жас баланы соншама құрметтейсіз. Ал, біздер машайхпыз ғой?!», – дейді. Сосын Шейх оларды топтап, қолдарына бір-бірлеп құс пен пышақ ұстатып, әркім оны ешкім көрмейтін жерде бауыздап келуін бұйырады. Белгілі уақыттан соң бәрі де өзіне берілген құсты бауыздап алып келеді. Тек жас шәкірті ғана қолында тірі құспен оралады. Шейх одан: «Сен құсты неге бауыздамадың?», – деп сұрады. «Мен ешкім көрмейтін жерді таба алмадым. Қайда барсам да, Алланың назар салып тұрғанын сездім», – дейді. Сонда үлкен жастағы шәкірттер бұл баланың расында да құрметке лайықты екенін мойындады.

Пенде әрбір жағдайда Алла Тағаланың көріп тұрғанын сезініп, жақсы амалдар жасаса және өзін әдеп шеңберінде ұстаса, мурақаба амалын жасаған болады. Мәселен, жай ғана отырғанда, ұйықтағанда немесе дәретханаға барғанда ниет етіп, Ислам әдептерін ұстанса – мурақаба амалы орындалған болады. Пенденің мінәжат етуіндегі мурақабасы ниет ету, құлшылықты толық және көркем түрде орындау арқылы жүзеге асады. Күнә жасаған кездегі мурақаба тәубе ету, қылған ісіне өкіну, күнадан арылу, ұялу мен ол қателікке қайта бармаумен жасалынады. Пенденің мубах нәрселердегі мурақабасы әдептілік сақтау, нығмет берушінің құдіретін мойындау мен оған шүкіршілік етуі арқылы жасалынады.

Алла тағала өзіне лайықты құл, пайғамбарға лайықты үммет болуды нәсіп қылғай!

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары