Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мухасабаның маңызы
09 маусым, 2021 жыл 401 Басып шығару нұсқасы

О баста адам баласы бұл дүниеге сынақ үшін жіберілген. Алланың әмірлеріне мойынсұнып, парыздарын орындауы – әр пенденің міндеті. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірімізде мәңгілікке созылатын ақыретімізге азық жинап, Алланың разылығын алып, жәннатқа қол жеткізу – шынайы мұсылманның алға қойған басты мақсаты болса керек. Бұл мақсатқа жету жолында пенде әр күнін, әр минутын сауапты істерге жұмсап, әр іс-әрекетін ақырет таразысымен өлшеп отыруы қажет. Әр амал жасағаннан кейін немесе бір күні аяқталған соң амалдарын ой елегінен өткізіп, пенденің өз-өзінен есеп алуы дінде – мухасаба деп аталады. Осы орайда қазақтың ойшылы – Абай атамыздың он бесінші қара сөзін тілге тиек ету орынды болмақ: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп, адамның өз-өзінен есеп алудың маңызын сипаттайды.

          Расымен де, көзді ашып жұмғанша жалт ететін жалған дүниеде нәпсімен көзіміз шеңгелденіп, тал бесіктен жер бесікке қалай жетіп қалғанымызды білмей қалсақ бізге үлкен өкініш болар еді. Сондықтан әр күнімізді қайырымдылық жасауға, Жаратушымызды разы ететін сауапты амалдар жасауға арнап және әр күнді өз-өзімізден есеп алумен аяқтасақ – Абай атамыз айтқандай есті адамдардан боларымыз хақ. 

          Мухасаба жасаудың маңызы туралы Алланың Қасиетті кәләмында да айтылған. Құран Кәрімде, Хашр сүресінің 18-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Әркім ертеңгі ақыреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын. Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» - деген. Құдіреті шексіз Алланың алдына барғанда, азды-көпті өмірімізден сауал-жауапқа тартыла бастағанда бізге жиған мал-дүниеміз, атақ-абыройымыз пайда бермейді, керісінше тек қана Алла разылығы үшін жасалған игі амалдарымыз пайдамызға жарап, тозақ отынан қорғайды.  Сондықтан да жақсы амалды жасап қана қоймай, әр амалымызды есептеп, ақыретке қандай жүкпен барарымызды алдын ала пайымдауымыз, яғни мухасаба жасауымыз – өзіміз үшін орасан зор пайдалы болады. Мұндай сауапты амалдарымыздың өнегесін сонау асыл дініміз алғаш қанат жая бастаған уақыттағы  саңлақ сахабаларымыздан көруімізге болады. Соның ішінде әділеттілігімен елді тәнті еткен сахаба хазіреті Омардың (р.а) төмендегі сөзі әр мұсылманды ойландырары сөзсіз. Саңлақ сахабамыз: «Есеп-қисап жасалуынан бұрын, өзіңізге есеп беріңіз. Амалдарыңыз таразыға тартылудан бұрын өзіңіз оны таразылаңыз» - деп насихат айтады. Керек-жарағымызды сатып алмас бұрын ол заттың базардағы бағасын біліп, соған қарай қаражатымызды қамдайтынымыз бәрімізге бесенеден белгілі. Сол сияқты біздің осы өмірдегі ең басты мақсатымыз – жәннәт. Ал жәннәтқа – Алланың парыздарын орындап, сауапты амалдар жасауымыз арқылы жетеміз. Базардағы бағаға қаражатымыздың есептегеніміз тәрізді, жәннатқа жету үшін де жасаған амалымыз жеткілікті дәрежеде жасалып жатырма екен?! Бұл сауалға біз өз-өзімізден есеп алып, яғни мухасаба жасау арқылы жауап бере аламыз. Мухасабаның маңызын әрбіріміз жіті түсінуіміз қажет. Алла Тағала баршамызды өз-өзінен есеп алып отыратын есті құлдарының қатарында болуды нәсіп еткей!

 

Қаражал қалалық мешітінің Бас имамы Советов Талғат.

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары