Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Лақап атың кім?
08 қараша, 2014 жыл 822 Басып шығару нұсқасы
1250761462_vnimanie_deti_123Мектепте оқып жүргенде шілбиген арық болдым. Аяғым да шидей еді. Соған қарап, балалар «шибұт» деп мазақтайтын. Жалпы, мектепте лақап ат әрқайсымызда болатын. «Саққұлақ», «ұзынқұлақ», «тышқан», «көккөз», «шикілсары», «ұзынтұра», «маңқа», «қара дәу», «ақсақ», «төрт көз», «шұбар тауық»… Бұл – жөпелдемеде есіме түскендері ғана. Ал денсаулығында кінәраты бар бір құрбымыздың екінші аты «шыжың» еді. Екі Айдосты ажырату үшін біреуін – «сақау», екіншісін «қалқанқұлақ» дейтінбіз. Немесе «ұзын Серік», «қортық Серік». Сәулет деген құрбым бар еді, екеуміз күні бойы көрші мектепте оқитын Гауһарды аңдимыз. Есігінің алдына шыға қалса болды, «Гау-һар, ақ-сақ, Гау-һар, тоқ-сақ» деп «әндетіп» тұрғанымыз. Не деген қатігез едік?! Қазір ойласам, денем түршігеді. Төбе құйқам шымырлайды.  Неге екенін қайдам, қазіргі балалар бір-бірін мазақтамайтындай көрінетін. Өйткені, оларды бізден гөрі ақылды деп ойлаушы едім. Бірақ…Мектепті бітіретін жылы қайнап тұрған бір шелек суға күйіп, тізем қоса шығып, бір айдай төсек тартып жатып қалдым. Онан кейін бір ай балдаққа сүйенуге тура келді. Сол кезде, неге екенін білмеймін, ойыма бірден Гауһар түсті. Ол уақта Гауһар аяғына операция жасатып, әп-әдемі бойжеткен болған. Ал менің ақсақ болып қалу қаупім жоғары еді. Мен тек сол кезде ғана, яғни 16 жасымда біреуді мазақтаудың дұрыс емес екенін түсіндім. «Өзің соны жасамай, көрге басың кірмейді» дегенді кейін бір хадистен оқыдым. Тілінің мүкістігі бар жездесін «ыс-ыс» деп мазақтайтын балдыздың өз ұлы «ысылдай» бастағанда бармақ тістеп қалғанын да көрдім. Неге екенін қайдам, қазіргі балалар бір-бірін мазақтамайтындай көрінетін. Өйткені, оларды бізден гөрі ақылды деп ойлаушы едім. Техника мен технологияның дамыған заманында, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан балалардың ондай «ұсақ-түйекке» уақыты жоқ деп ойлаппын. Бірақ…Аялдамаға автобус келіп тоқтады. Ішінен топырлап оқушылар түсе бастады. «Ей, қортық, мә, ал мынауыңды!», «Ей, Шрек, қайда бара жатырсың?», «Өзіңе қара, орангутан!»… Дереу компьютерге үңілдім. Психолог мамандардың ақыл-кеңестерін қарадым, мұғалімдермен сөйлестім. Ат қою қайдан шығады, мазақтауды кім ойлап табады, одан балалардың психикасына қандай залал келеді, салдары неге апарып соқтырады, тапжылмай отырып, оқып шықтым. Сөйтсем, бұл өзі жатқан бір «ғылым» екен. Балалардың бір-бірін мазақтауының негізгі үш себебі бар көрінеді. Біріншісі – агрессия. Яғни, саналы түрде құрбы-құрдастарын мазақтап, ызаландыруды мақсат ету. Екіншісі – өзіне назар аударуға тырысушылық. Яғни, мазақтап тұрған адамыңның назарын өзіңе аудару немесе айналадағылардың көзіне түсуді мақсат тұту. Кейде ойнап немесе қалжыңдап мазақтайтындар да болады. Бірақ, психологтардың айтуына қарағанда, көп жағдайда мазақтауды бастайтындар – өз-өзіне сенімі жоқ адамдар. Яғни, өзінің «мықтылығын» көрсету үшін басқаның «осал» жерін бетіне басады. Содан ләззат алады. Үшіншісі – кек алу. Яғни, өзің мазақтаған балаға «өз тілінде» жауап қайтару. Оның да кем-кетігін бетіне басу. Балалар, мұның қай-қайсысы да жақсы емес. Әсіресе, адамның дене мүшесіндегі кемшіліктерді бетіне басу, соны айтып мазақтау дұрыс емес. Ал атына, тегіне қарай мазақтау тіптен әдепсіздік. Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларация бар. Ол бойынша, адамның жынысына, түріне, ұлтына, нәсіліне және жеке басының кемшіліктеріне қол сұғуға, соған орай кемсітуге болмайды. Бұл, мәдениетті тілмен айтсақ, адамгершілікке жатпайды. Ал ашығын айтсақ, көргенсіздік болып есептеледі.Ата-анаға кеңес:– Баланың көзінше біреуді мазақтауға, кемсітуге, келемеждеуге бол-майды;– Баланың қылығына, сөзіне күлу дұрыс емес. Кембағалдық деген сондайдан басталады;– Баланы көршінің баласымен салыстырудың керегі жоқ, әр бала өзінше тұлға;– Баланың аты – бала, одан үнемі үлгілі бала болуды талап етудің керегі жоқ;– Біреудің көзінше балаңызды «бұл өзі ұялшақ», «бұзық бала», «қорқақ» деп айтушы болмаңыз;– Баламен сырлас болу керек. Бірақ, бұл – оның өміріне кез келген сәтте баса-көктеп араласу дегенді білдірмейді. Тіпті, баланың сөмкесінің өзін рұқсатсыз ақтарудың қажеті шамалы.Балалар мұндайды қайдан үйренеді? Біреуді мазақтау қайдан шығады, балалар мұндайды қайдан үйренеді? Көшедегі балалардан, мектептен деп ойлайтын шығарсыз. Қателесесіз. Біреуді мазақтауды әркім өзінің үйінен үйренеді, өзінің әке-шешесінен, аға-әпкелерінен үйренеді. Мысал керек пе? Мінеки:– Анау Майраның қызы мықты оқуға түсіпті ғой. – Қай Майраның? – Пұшық Майра ше?! Соның қызы. Мына біздің ұлмен бірге оқыды ғой. Тымырайып жүретін нағыз үндеместің өзі еді. Пысығын көрмейсің бе, мықты оқуға түсіпті. Немесе былай:– Әпке, сізге Серік сәлем айтсын деді. – Қай Серік?– Бошан атаның баласы ше?– Е-е-е, сол фонтан да бір қоймайды екен. – Фонтан? Неге фонтан? – Аузынан түкірігі шашырап жүреді ғой қашан көрсең. Тағы бір мысал:– Мына көлікті жасатпасам болмады. Анау «бүкір» де сонша әулие болып, қарап бере салмады ғой. Енді ертең Бәкірбайдың «қазанбасын» шақырайын деп отырмын. – Ол «қазанбас» бірдеңе біле ме, бүлдіріп жүрмесін. – «Маймақтың» көлігін сол жасап беріпті ғой. Міне, осылай сөйлейтіндер әр үйде кездесіп қалады. Ал сөйтіп отырып, баланың тәрбиесін көшеге, көршіге жапқымыз келеді. Құрметті ата-ана, бала – сіздің айнаңыз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ендеше, аузымызға абай болайық!Мұғалімнің де міндеті ауырБалалардың бір-бірін мазақтайтыны ата-анадан гөрі мұғалімге жақсы таныс. Өйткені, олар мұндайды күн сайын, сағат сайын, сәт сайын көріп-біліп отыр. Соның ішінде жүр. Мұғалімнің ақыл айтпай-ақ, бір-екі ауыз сөзбен шешетін мүмкіндігі бар. Мәселен:– Апай, Бағдатқа қой деңізші, тырнап отыр. – Әй, Бағдат, немене, мысық болып кеттің бе?! Тыныш отыр, қане! Өкінішке қарай, дәл осындай болмаса да, осыған ұқсас әңгіме әр сыныпта айтылып қалады. Бұл жерде балаларды бір-біріне ат қоюға, мазақтауға мұғалімнің өзі итермелеп отыр. Әлбетте, әр мұғалім Ұстаз емес. Бірақ, мұғалімдік міндеттің өзін абыроймен атқару әркімнің қолынан келуге тиіс деп ойлаймыз. Мәселен, жаңағы мысалды кері айналдырып көрейік:– Апай, мына мысыққа «кіш» деңізші!– Мысық? Неғылған мысық? – Мына Марал деген мысық қой, тырнап алды. – Өзің тыныш отырсаң, саған ешкім тимейді. Сосын, мысық деген не сөз? Немене, көшеде жүрсің бе? Жоқ хайуанаттар бағында жүрсің бе? Өзің кімсің? Екінші мұндайды естімейтін болайын! Әрине, мұғалімге дәл осылай айт дей алмаймыз. Өйтіп айтуға хақымыз да жоқ. Бірақ, өзін өзгеден жоғары ұстайтын баланың «қызуын» басып қою – мұғалімнің де міндеті.Мұсылман баласы десек те, араб елдерінде адамның дене бітіміндегі кем-кетікті бетке басып айта беретін көрінеді. Ал жапондарда көбінесе жануарлар мен жәндіктер лақап ат болып жабысады екен. Әрине, мұның қай-қайсысы да дұрыс емес. Қатар құрбыңды «төрткөз» деп мазақтадың дейік. Өзіңнің көзің өмір бойы шарадай жанып тұратынына кім кепіл?! Бүгін болмаса ертең, болмаса он жылдан кейін өзің де көзілдірік киюің әбден мүмкін. Ал анау құрбың кезінде жанын жаралағаныңды ешқашан ұмытпауы мүмкін. Сондықтан, балалар, ойнап сөйлесек те ойлап сөйлейік!

Жұлдыз ӘБДІЛДА

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары