Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Табақ тарту: үнем мен үрдіс
23 қыркүйек, 2021 жыл 287 Басып шығару нұсқасы

Бала күнімізде нан қиқымын тастамай, оны жинап, алақанға салып, ауызға тастап жіберетінбіз. «Бай боламын» деген бала ниетпен. Обал мен сауапты жіті білген сауатты ата-әжеміздің білгендігі екен ғой. Ойланып қарасам, бұл – ысырапшылдыққа жол бермеудің кішігірім көрінісі. Ал, кейіннен сол кішігірімге аса мән бергендей, үлкеніне де неге солай бас қатырмайды екен деген таңданыста қаламын…

Дәл қазір үлкен той тұсауда тұр. Үкімет рұқсат ете қалса, үдере «ат шаптырар» түріміз бар. «Той – Тәңір қазынасы», «Жиған-тергенім тек тойға шашылсын» дейтін мырза көңіл қазақ соған ырзамыз, әйтеуір. Бүгінге дейін, күні ертең де қаузала беретін тақырып бұл. Ал, сөз еткелі тұрған мәселеміз – жиын-тойдағы табақ тарту үлгісі. Бірден ащысын айтайық, мүшелеп тартқан табақтың соңында «Алла өзі кешірсін» деп сүйексаяқты қоқысқа тастаймыз. «Үлкен дастарханда табақты мүшелеп тарту қаншалықты маңызды» деген сұрақ сізді де мазаласа керек. Осы жайлы облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа ағамыздың пікірін құп көріп қалдым…
– Табақты мүшелеп ұсынатындықтан әжептеуір ысырап болады, негізі. Ондай үлкен дастарханға арнайы жылқы малы сойылатынын білесіздер. Сол тұтасымен асылады.
Оның сүйегі, еті қалып қойып жатады, көбіне. Ал, кейінгі жастар «сарқыт» деген ұғымды біле бермейді. Бірақ, бүгінгі таңда қалалық жердегі мейрамханада ет табаққа турап тартылатын болды. Бұл арқылы үлкен үнем жасап, ысырапшылдыққа жол бермеуге әбден болады. Тіпті, сойған малыңыздың жарты етіне дейін үнем жасайсыз, – дейді бас имам.
Қажының айтуынша, мүшелеп табақ тарту өз заманында заңдылық сияқты саналған шығар. Қазір мүшелеп бермеді деп, сын көзбен қарамай турап беруді әдетке айналдыру керек дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларға «қайтыс болғандарға сыйлық жіберіп тұрыңдар» депті. Сахабалар таңдана қарапты, «ол қандай сыйлық» дегендей. Сөйтсе, ол құран және садақа екен. Марқұмдарға құран оқытқаннан кейінгі мәселе, ол – садақа. Осы орайда Өмірзақ қажы Қазкенұлы мынандай бастама көтерсек дейді.
«Бізге мұқтаж адамдар кеп өтініп жатады. Солардың ішінде сол ет жемегелі жылдың жүзі болды деп келетіндер де баршылық. Құдайыға сойылған малдың үштен бір бөлігін сол жандарға хадия етсек, үлкен сауап болар еді. Әрі ысырапшылдыққа жол бермес те едік» деп атап өтті қажекең.
Әрине, біз сөз қылып отырған мәселені құп көрмейтіндердің сөзіне құрметпен қарау – біздің міндет.
– Жалпы табақ тарту – көшпелі халықтарға ғана тән дәстүр. Күн көрісі төрт түлік малмен байланысты болғандықтан, малдың маңызды жілігін қонағына ұсынған. Ал, қалған сүйегін қайнатып, сабын жасаған. Үлкен малдың қабырғасымен, жауырынымен ағаш төсекті, сандықты әсемдеген. Бас сүйекті итке тастамаған. Қора-қопсының, жаздық сарайдың төбесіне тастайды немесе ит-құс жете бермейтін биік ағашқа іліп қояды. Бірақ, бұлардың ұмыт болғанын неге жасырайық? Қанша ысырапшылдық дегенмен, мүшелеп беруді дұрыс санаймын. Ол – қазақтың дәстүрі, – дейді жаңаарқалық Ораз Бейбітов.
Иә, біз жаппай дастарханда ет туралып берілу керек деген әңгіме өрбітіп отырмағанымызды қайта естеріңізге салсақ. Үлкен жиын-той, құдайы аста етті турап, үнем қылсақ, осыны үрдіске айналдырсақ деген ұсыныс.
Қадірлі оқырман, біз тек таразыладық. Шешім сіздің еркіңізде…
Қасымхан ҒАЛЫМ.

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары