Бәріміздің берекемізді қашырып жүрген нәрсе

«... мүлде ысырап қылмаңдар» («Исра» сүресі, 26-аят)

Алла Тағала Адам баласының игілігі үшін қажетті нәрсенің барлығын жаратты. Сондай игі нығметтердің қатарында жеміс-жидектердің алар орны ерекше. Жеміс-жидектер дәрумендерге бай, жеңіл болғандықтан адам одан көбірек жесе пайдалы болады. «Әрбірі жеміс берген кезде, жемісінен жеңдер. Оны жиып алған күнде құшырын беріңдер; Ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Әнғам» сүресі, 141-аят) деп есмкертеді Алла құлдарына.

 

 

***

«Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы» («Исра», 27-аят)

Ғылыми анықтама: Ысырап – қарамағына заңды негізде түскен ақшаны немесе өзге мүлікті заңсыз, бейберекет пайдалану.

Дәстүрлі Ислам дінінде, Ысырап (исраф) Алланың берген нығметтерін діни тұрғыдан және муруәт (адамгершілік) тұрғысынан дұрыс болмаған жерлерге жұмсау деген сөз. Сай болмаған ысырап харам болып табылады.

Ысырап ету туралы адамзат көбіне ішім-жемге қатысты айтылған деп қабылдайды. Әсілінде, ол қате ұғым. Ысырапкершілік барлық нәрсеге тән: киім-кешек, ішім-жем, уақыт, ұйқы, артық сөз және т.с.

 

***

«…Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап етпеңдер, шындығында Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» ("Ағраф" сүресі, 31-аят)

Деректер бойынша ысыраптың көбісі тамақтан болады екен.

Дүниежүзі азық-түлік ұйымының мәліметі бойынша, бір жылда 870 миллион адамның (әлем халқының 12,5 %) жеткілікті дәрежеде ас ішпейтіндігі, шамамен 10 миллион адам болса, аштық пен ашқұрсақтық салдарынан көз жұматын мына жер бетінде бір жылда 1,3 миллиард тонна азық-түліктің ысырап болатыны айтылуда. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ауылшаруашылық одағының мәліметтеріне сүйенсек дүниежүзілік ысырап мөлшері артқаны белгілі болды. Кез келген адам 3 тамақтың біреуін қоқысқа тастайтын көрінеді. АҚШ-та өндірілетін азық-түліктің 100-ден 40 пайызы желінбей қалса, Еуропада әр жылы 100 млн тонна азық сарқып тұтынылмайды. Ал, мұндай ысырапшылдыққа кеткен шығын шамамен 750 млрд долларды құрайды. Осыған қарамастан, дүниежүзінде миллиардтаған адам жапа шегуде.

Егістіктен алынған өнімнің 28 пайызы қоқыс жәшігіне кетеді екен. Сөз болған азық-түліктердің 39 пайызын жеміс-жидектер мен көкөністер құрайды. Үндістан секілді ыстық елдерде жемістер мен көкөністер бүлініп, сатылмай қалады.

Жүргізілген зерттеулердің көрсетуінше, бүгін дүниеде жалпы су қоры 1,4 миллиард куб метр. Бұл судың тек 0,3 пайыздайы ғана тұщы су көзі ретінде өзен-көлдерде. Қарапайым есеппен минутына 10 тамшы су ағатын үйдегі шүмек айына 170 л судың ысырап болуына себеп. Бірде Ардақты пайғамбарымыз ﷺ Саад бин Әби Уаққасқа «(Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!», - деп ескерткен (Ибн Мәжа, Тахарат, 48). Сондықтан да суды мөлшерімен пайдаланған абзал.

 

***

Ысырап туралы хадистер:

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадистерінде де: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – дейді. Себебі есеп күні келмей ме? «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар» - делінген «Тәкәсур» сүресінің 8-аятында.

 

Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Тәкаппарланбай және ысырап қылмай жеңдер, ішіңдер, киініңдер және садақа беріңдер.» (Бұхари)

Осымен мағыналас Ибн Аббастың (р.а.): «Екі нәрсе, яғни ысырап пен менмендік күнәсі бой көрсетпесе адалдан қалағаныңды же, қалағаныңды ки» (Бұхари)

Садақа берудің өзінде де ысырапқа, шектен шықпауға аса маңыз берілген. «Орны табылмай берілген садақа - ысырап» деген хадис бар.

Ысырап берекеден айырады. Адам өзінде барға қанағат етпей, көп дүниені алуға ұмтылады, көп күшін жұмсайды. Алла Тағала: «Туысқаныңа, кедейге және жолаушыға тиісті ақысын бер, бірақ шектен тыс ысырап жасама. Шынында ысырап жасаушылар — шайтанның ағайыны, шайтандар өз Жаратушысына шүкірлік етпейді»-деген (әл-Исра сүресі, 26-27 аят).

 

***

«Егер білмесеңдер Кітап иелерінен сұраңдар» («Әнбия» сүресі, 7-аят)

Тақуа кісілерден ысырапқа қатты көңіл бөлетін Хатими Әсам деген кісі бар еді. Өзімен замандас бір ғалымның тым ысырапшыл екенін естігенде, арнайы іздеп барады.

Кездескен бойы: «Дінді үйренсем деп едім, маған ұстаз бол», – деп қолқа салады. Әлгі ғалым: «Алдымен не үйренгің келеді?» – деп сұрайды. Хатими Әсам: «Алдымен маған дәрет алуды үйрет», – дейді. Бұны мақұл көрген ғалым баппен дәрет алып, әр мүшесін үш реттен жуып шығады. Бәрін бақылап отырған Хатими Әсам оған: «Енді мен дәрет алайын, қателерім болса, түзетерсің», – деп, дәрет алуға кіріседі. Алайда шынтақтарына келгенде үш рет емес, төрт реттен жуады. Бұны байқап қалған ғалым:

Суды ысырап еттің, – деп ескертеді.

Мен қай жерде ысырап еттім? – деп қарсы сұрақ қояды  Хатими Әсам.

Қолдарыңды шынтақтарыңмен бірге үш рет жуудың орнына сен төрт рет жудың, – дейді ғалым. Осыны күтіп тұрған Хатими Әсам сонда  оған: «Менің бір ұрттам суды ысырап еткенімді қалт жібермедің, ал өзіңнің күн сайын басқа нәрселерге көп ысырап жасайтыныңды неге көрмейсің?!» – дейді. +

Ғалым кісі Хатими Әсамның дін үйрену үшін емес, өзіне сабақ беру үшін келгенін сол мезет түсініп, үйінен шықпай қырық күн тәубе еткен екен

Бұл оқиға барша мұсылманға сабақ болса деген ниеттеміз!

 

 

Құрметті оқырман, Алла Тағала «Исра» сүресінің 27-аятында «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші» – деп, ысырап етудің күнә екендігін, тіпті,  кісіні шайтанға бауыр ететінін ескертеді.  Сондықтан да ысырапкершілікке жол бермейік!

Дүние, байлықты , күш-қуатты уақытты ысырапсыз орнымен жұмсауды Алла Тағала бізге міндет еткен. Ысырапқа бармау байлық пен қанағаттың және берекенің бастауы болмақ.

 

Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін