Жаннаттың кілтінің тістері бар

Исламды жете түсіне қоймаған кісілер кәлима шаһадатты айтсақ болды, жұмаққа кіреміз деп ойлайды. Ал, сол кәлиманың қалай айтылуына, ол сөздерді айтқан соң, соған сай амал етуге көптеп көңіл бөле бермейді. Алланы тану, исламды қабылдап қана қоюда емес, оны сезіне білуде, жүрекпен, ақылмен, санамен ұғына білуде болса керек. Қияметте есеп алдына келгенде бір пендінің амал дәптері қара парақтарға толып кеткен екен. Тіпті көзінің тұсына дейін жетіпті әлгі парақтар. Оның қолында бір ғана ақ парақ бар екен. Онда «Лә иләһә иллАлла» кәлимасы ғана жазылыпты. Әлгі пенде қорқып, шошып таразыға келгенде таразының бір жақ беті, әлгі қара қағаздарға толып, ауыр салмақпен басып тастағанын көреді. Таразының екінші жағына жүрексіне әлгі бір қатар жазуы бар бір ғана ақ қағазды қойғанда, парақта жазылған «Лә иләһә иллАлла» сөзінің күштілігі аспанмен теңдей тұрған қара парақшаларды парша-парша етіп шашып жіберіпті. Таразыны ауыр тартқан парақта жазылған «Лә иләһә иллАлла» сөзі болатын. «Лә иләһә иллАлла» жүректен шықса, онда ол өз орнын табады. Жұмаққа алып барады, Алланың рақымына бөлетеді! Имам ан-Науауи «әл-Азкар» кітабында: «Ля иляха илля-Ллах» сөзі ең жақсы зікір болып табылады, міне сондықтан мұсылмандардың үлкен ғұламалары бұл сөзді ізгілердің ісін жалғастырушылар үшін  (салихтер), ақиқатты ізденушілер (муридтер) және жалғыз отырып еске алушылар (халуат) үшін таңдады. Олар бұларға бұл сөздерді әрдайым айтып жүруді бұйырған және былай деген: «Шайтанның уәс-уәсынан ең жақсы қорған Алланы көп еске алу болып табылады».

Бірде Уаһб ибн Мунаббихтен бір сахаба: «Лә иләһә иллАлла» деген сөз Жаннаттың кілті емес пе?» - деп сұрайды. Ол: «Иә, бірақ әр кілттің тістері болады. Тістері бар кілт қана есікті ашады. Тістері болмаса, ашылмайды», - деп, Алланың бірлігіне иман келтіргеннен кейін құлшылық жасаудың қажетті екенін білдірді.

Осы келтірілген мысалдарға сүйене отырып, барша дінсүйер қауымды, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан жас буынды Аллаға құлшылық етуге шақырамыз. Құлшылық ауызда емес, жүректе болуы тиіс. Алланы танудағы амалдар әдетке айналуы қажет. Әдет қанға сіңіп, қан жүрекке барады. Ал, амалдар қанға сіңіп кетсе ғана ол жүрекке қонады. Қанға сіңетін амалдарымыз игі болуы үшін, ілім қажет. Таразыны ауыр тартқызып, Жаннаттың есігін ашқызатын кілттеріңізт – «Лә иләһә иллАлла» кәлималарыңыз «тісті» болсын!

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қаласы мешітінің бас имамы

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін